18
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Алланы танымай өткен адам, Оны ақыретте қайтып көрсін?

Алланы танымай өткен адам, Оны ақыретте қайтып көрсін?

Ислам тарихы

Сен Алланы бұл дүниеде бір елес пен қиялсыз жəне бейне мен пішінсіз шынайы біліммен тани алғаның сияқты, Оны ақыретте де солай көресің. Дүниеде қол жеткізілген таным (білім) сол қалпында жетіліп, ашық пен анықтық кемелдігіне көтерілу арқылы көру қасиетіне айналады.

Ақыретте көрінетін ақиқат пен бұл дүниедегі таным арасындағы айырмашылық, тек ашықтық пен анықтықтың артықшылығында. Сонымен, Алла Тағаланы тануда ешбір бейне мен тарап (жақ) негізге алынбайды. Сол сияқты, ақыретте Алланы тану білімінің ашықтығы мен анықтықтығы артықша қосылғанымен, белгілі бейне мен тарап болмайды. Жоғарыда айтқанымыздай, көз бен көрген сурет пен елестегі бейне бір-біріне ұқсайды, олардың арасындағы айырмашылық тек ашықтық пен анықтықтың артуында ғана. Алла тағаланың мына аяты осыған сілтейді: «Пайғамбарын да, оған ілескен мүминдерін де Алла (қияметте) қор қылмайды. Алдында, оң жақтарында нұр толқындап тұрады. «Ей, Раббым! Біздің нұрымызды кемелдендіре түс, кеңшілік жаса, Сенің құдіретін бəріне жетеді», – дейді олар» (Таһрим: 8).

Нұрдың кемелдігі анықтықтың артуына ықпал етеді. Сондықтан да көру мəртебесіне дүниеде таным қасиетіне ие пенделер ғана бөленеді. Тұқымның өсімдікке, көшеттің ағашқа айналғаны сияқты, ақыретте таным сипаты көру қасиетіне ауысады. Жеріне көшет қадамаған адам құрманы қалай жинасын? Тұқым салмаған адам егінді қайтып жинасын? Дəл сол сияқты, бұл дүниеде Алланы танымай өткен адам, Оны ақыретте қайтып көрсін?

Алланы тану бірнеше мəртебеге бөлінгендіктен, ақыретте Алланы көрудің де дəрежелері түрлі болмақ. Себебі Алланы танудың мөлшері көп жəне аз болуына байланысты олар бірбірінен көркем, күшті жəне əлсіз сипаттарымен ерекшеленеді. Жəбир (Алла оған разы болсын) пайғамбардан (с.ғ.с.): «Алла Тағала барлық адамдарға жалпы, Əбу Бəкір үшін, арнайы көрінеді» – деген хадисті риуаят қылады (Ибн Адий риуаяты).

Бұл риуаяттан адамның Алланың алдындағы мəртебесі Əбу Бəкірден төмен болса да Алла Тағаланы көріп, Əбу Бəкірдей рақатқа бөленеді деп ойлау қате. Бəлкім адам, Əбу Бəкірдің бөленген рақатының жүзден бір бөлігін табуы мүмкін. Онда да егер ол адамның бұл дүниедегі Алланы тану білімі Əбу Бəкірдің бойындағы білімнің жүзден бір бөлігіне тең келсе.

Бұл дүниеде басшы болу рақатын тамақ жеу, неке құру лəззатынан артық көретін адамдардың болғаны сияқты, білім арқылы жер мен аспан құшағындағы құпияларды ашу амалын (рақат өмірден) əйел мен тамақтан жоғары қоятын адамдар да бар. Олар мұны басшылық, тамақ жеу, некелесу амалдарынан артық сүйеді. Сол сияқты, ақыретте де Алла Тағаланың сұлулығына бөлену лəззатын жəннаттағы барлық нығметтерден артық сүйетін топтар да бар. Бұл топтағы адамдар осы дүниеде білім, Алланы тану, Оның сырларын ашу амалдарын тамақ жеу, некелесу лəззаттарынан үстем қойған. Олай болса, дүниеде Алла Тағаланы танымаған адам ақыретте Оны көрмейді. Осы дүниеде Алланы тану лəззатын таппаған адам о дүниеде (Алланы) көру рақатын таба алмас. Өйткені ақыретте ешбір адамға дүниеде қасында болмаған нəрсесі берілмейді, адам (ақыретте) тек еккен нəрсесінің жемісін жинайды. Адам қандай жағдайда өлсе, сол қалпында тіріледі. Дүниеде қалай өмір сүрсе, солай өледі. (Дүниеде сүйген) нəрсесі ол үшін Алланы танудан маңыздырақ.

Адам өлгеннен кейін оның көзіндегі перде көтеріліп, Алланы көру көзі ашылады. Сондықтан мұндағы лəззаттың күші артады. Бұл сүйіктісінің бейнесін елестетіп, кейін оның өзін жүзбе-жүз көрген ғашық адамның жағдайымен тең. Себебі сүйген адамды көру – ғашықтық лəззатының жоғарғы мəртебесі. Жəннатта əрбір адамның қалағаны əзірленген. Алла Тағаланы көруден басқасын қаламаған адам, басқа нəседен лəззат ала алмайды, керісінше ол бұл нəрседен азаптануы мүмкін. Демек жəннат бақыты Алла Тағалаға болған махаббаттың дəрежесіне байланысты, ал Аллаға деген махаббат адамның танымына байланысты. Шариғат бұл таным негізіне «иман» деп ат қойған.

Егер сен: «(Алланы) көру лəззаты Оны тану лəззатына байланысты екен, онда таным лəззаты екі есе көп болса да аз саналмақ. Себебі дүниедегі таным лаззаты əлсіз келеді. Сондықтан ол қанша есе көп болғанымен, жəннаттағы нығметтердің ең төменгі дəрежесіне жетпейді», – деп айтар болсаң, біліп алғайсың, сенің бойыңда таным (қасиеті) жоқ болғандықтан, осылай ойлап отырсың. Ал енді кім (Алланы) тану қасиетінен мақұрым болса, ол адам лəззаттың дəмін қалай татпақ? Егер оның бойындағы таным əлсіз, жүрегі дүние істерімен толы болса, онда мұндай адамның (Алланы) танудағы лəззаты қаншалықты болмақ? Тақуалар мұндай адамдардың танымын, ой-толғамдарын, олардың Алла Тағалаға мінəжат қылып төккен жастары үшін алған жəннат нығметтерін Алланы көру лəззатымен алмастырмайды. Себебі лəззат қаншама кемел болғанымен, көзбен көрген, (жүрекпен) сезінген лəззатқа жетпейді.

материал «Аллаға иман»  кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: