25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Ислам тарихында қанша сахаба болған?

Ислам тарихында қанша сахаба болған?

Ислам тарихы

Сахабалардың жалпы саны жайлы нақты мәлімет жоқ десе де болады.

Осы тұста Исламдағы алғашқы санақ Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) кезінде жүргізілгенін ұмытпаған жөн. Бухари мен Муслим Хузайфа ибн Йәмәннан жеткізген бір хадисте: «Пайғамбар (с.ғ.с): «Маған адамдардан Исламды қабылдауын сөзбен жариялағандарды жазып беріңдер», – деген соң, оған 1500 кісіні жазып бердік», – делінген. Бірақ бұл санақтың қашан жүргізілгендігі нақты белгісіз. Кейбір деректерде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл санақ Ухуд (һижреттің үшінші жылы) соғысына аттанатын тұста жүргізілген десе, кейбіреулер Хандақ оры (һижреттің бесінші жылы) қазылған кезде жүзеге асқан дейді.

Енді біреулері Худайбия (һижреттің сегізінші жылы) келісімі кезінде жасалған деген пікір айтады. Деректерден анықталғандай, аталған санақ алғаш жүргізілгендіктен сахабалардың жалпы санын белгілеу мүмкін емес. Ислам тарихына байланысты жазылған кейбір еңбектерде жүз мыңнан астам сахабаның болғандығы айтылған. Әбу Зурға ар-Разиден жеткен дерек бойынша Алла елшісімен (с.ғ.с) бірге қоштасу қажылығына 40 мың, Тәбук жорығына 70 мың сахабаның қатысқандығы және Пайғамбар (с.ғ.с) дүние салғанда 114 000 сахаба болғандығы жеткен.

Сол секілді Әбу Муса әл-Мәдинидің көзқарасында да сахабалар саны жүз мыңнан асады. Имам әш-Шәфиғи Пайғамбарымызды (с.ғ.с) көріп, одан хадис риуаят еткен сахаба санының алпыс мың болғандығын айтқан. Кейбір сахабалардың ертерек қайтыс болуы немесе алыс жаққа тарап кетуі себепті олардың есімдерінің көбі кейінгі ұрпаққа жетпеген. Сахабалардың өмірбаянына қатысты еңбектерде он мыңға жуық сахабалардың есімі аталады. Сахаба есімдерін еңбегінде ең көп көрсеткен ғалым Ибн Хажар болатын. Ол «әл-Исоба фи тәмиизи әс-сахаба» атты еңбегінде 11 783 сахабаның атын келтіреді (Құрманбаев Қайрат, «Хадис ілімі (тарихы және әдіснамасы)», 61-62 бет).

материал «Сахабалардың сәулелі ғұмыры» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: