25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Елдің күші – селдің күші

Елдің күші – селдің күші

Ислам тарихы

Елдің бірлігі бекем, ынтымағы жарасты болуы – қай жұрттың болмасын ғасырлық арманы, дәуірлік мақсат-мұраты.

Бұл мұратты әр халық дүниетанымына сай өзінше өрнектеп, санасына сақтап, келер ұрпаққа аманаттап отырады.

Біздің халқымыз мақал-мәтелдер арқылы өмір тәжірибесін жеткізіп, белгілі бір пәлсапалық мәнді білдіріп, келергі буынға айтар ойын жеткізген.

Сан тақырыпты мақалдардың бір бөлігі біз сөз етіп отырған береке-бірлік тақырыбына арналады. Мәселен, сондай мақалдардың бірінде «Елдің күші – селдің күші» дейді. Бұл жерде «ел» дегені бірер адам емес, берекесі бекем көпшілік, көп қауым екені мәлім. Ендеше, көп адам сондай тасқын күшке тек береке-бірліктің арқасында ғана жететіні белгілі. Ежелгі дәуірде де, бүгінгі қоғамда да береке-бірліктің ел өмірінде, мемлекет болашағында, адамзат өркениетінде маңызы айрықша.

Қабан жырау атанған Қаблиса бабамыз бірліктің маңызын:

- Бақыт қайда барасың?

- Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі,

Ұйымшыл елге барамын, – деп түйіндейді.

Шынында да, бірлігі бекем болса ғана ойлаған ой, аңсаған арманға жетіп, тыныш өмір сүруге мүмкіндік туады емес пе.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» – деп елдің қай кезде күшті болатынын айқын көрсетіп береді.

Алаш көсемі айтқанындай ынтымақ-бірлік қана елді алдындағы кедергіні жайпап өтетін тасқынның күшіндей алып қуатқа айналдырады. Қасиетті Құранда Алла Тағала адамзатқа: «Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят), – деп бұйырады. Ал, адамдардың тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салуға қатаң түрде тыйым салып:

‎وَالْفِتْنَةُ أَكْبَرُ مِنْ الْقَتْلِ 

«Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер», («Бақара» сүресі, 217-аят), «Жер беті түзетілгеннен кейін бүлікшілік жасамаңдар» («Ағраф» сүресі, 56-аят) деп ескертеді. Хадис-шәріпте ардақты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай) «Жамағатта (бірлік пен ынтымақта) рақымдылық бар, ал бөлінушілікте азап бар», - деп өсиет еткен. 

Шын мәнінде, қай халықтың болмасын өмірінде береке-бірліктің алатын орнын аз сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Адамзат тарихына зер салсақ, қай дәуірде де берекені бүлдіріп іріті салудың соңы ауыр зардаптарға соқтырып отырған. Алла Тағала елімізді ондай жаманшылықтан сақтасын!

Мамлюк Мусаев,

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: