30
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Зулхиджа айының алғашқы он күні неліктен ерекше?

Зулхиджа айының алғашқы он күні неліктен ерекше?

Ислам тарихы

Міне біз, дініміздегі «әшхурул-хурум»  қасиетті төрт айдың соңғысы саналатын саналатын Зулхиджа айындамыз.

Зулхиджа айы бiзге iстерiмiздi реттеп, орындалмаған жоспарларымызды iске асыруға және ізгі амалдарымызды толықтыруға үлкен мүмкiншiлiк беретiн ай. Осы жылдың амал кiтабы жабылғанда, күнәларымыздан тазарып, бiраз iзгi амал жинап, тәубесi қабыл болғандардан болу үшiн, бұл айды қолымыздан келгенше толықтай пайдаланып қалуымыз керек.⠀

Зүлхиджа айының алғашқы он күні ең қасиетті деп есептеледі.  Оның дәлелі Құранда айқын көрініс табады:

«Он түнімен (ант етемін), жұбымен де, тағымен де». (Фәжр» сүресі, 2-3)

Ибн Аббас, Ибн аз-Зубейр, Муджахид және т.б тәпсір ғалымдары (Алла олардан разы болсын) осы он түнді Зүлхиджа айының алғашқы он түні деп түсіндірген. (Ибн Кәсир тәпсірі)⠀

Сондай-ақ, сахаба Жәбiр (радиаллаһу әнһ) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) былай дегенiн жеткiзедi:

«Фаджр сүресiнде айтылған он күн – Зүлхиджа айының алғашқы он күнi, тақ күніне Арафа күнi, жұп күнiне деп Айт күнiн жатқызамыз»

Ибн Аббас (радиаллаһу әнһума)  жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла алдында Зүлхиджа айының алғашқы он күнінде жасалған ізгі амалдардан асқан сүйікті амал жоқ», - деген. Сахабалар: «Ей Расулаллаһ, бұл айдың алғашқы күндері жасалатын амалдар Алла жолындағы жиһадтан да құнды ма?» – дегендерінде, Пайғамбарымыз «Йә, жиһадтан да құнды болады. Бірақ жанын, малын аямай соғысқа барып, кейін дымсыз қайтқан адамның жиһады өте құнды болады» - деп жауап берген. (Бухари)

Басқа хадисте  Ибн Умар (радиаллаһу әнһума)  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) былай дегенін жеткізді:

«Алланың алдында зүлхиджаның алғашқы 10 күнінде жасалған ғибадаттардан асатын ізгілік жоқ және ізгі амалдың сауабы молырақ болған басқа күндер жоқ. Бұл күндері таһлилді тәсбихті, тахмидті және тәкбірді көп айтыңдар!»

Ендеше қасиетті он күнді берекелі өткізуді жазғай!

материал «Ораза энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: