03
Жұма,
Мамыр

һижри

Уақытты сақтап, кейін қолдануға болмайды

Уақытты сақтап, кейін қолдануға болмайды

Ислам тарихы

Уақыт қайтып оралмайтын, орны толмайтын дүние болғандықтан, адам үшін ең қымбат қазына саналады. Адам осы уақыт ішінде әрекет жасайды, ілім алады, дүние табады, өседі, өнеді.

Уақытты тиімді пайдаланудың арқасында толағай табыстарға жетеді. Күнделікті жасайтын еңбегіңіздің де ақысын сағат сандарына қарап аласыз. Уақыт сіздің капиталыңыз іспетті. Пайдалы іске жұмсасаңыз, еселеп табысқа кенелесіз, пайдасыз, харам іске жұмсасаңыз, керісінше, ұтыласыз. Ұтылыс тек бұл өмірді емес, ақыретіңізді де қамтиды. Сіздің бір күніңіз сіздің тағдырыңызды шешіп қоюы мүмкін. Сол себепті әр күнге бейжай қарамаңыз! Өміріміздің кей сәттерінде «Шіркін, өмірімнің бір сағаты болсын кейін шегінгенде ғой, бәрі басқаша болар еді, басқаша әрекет етер едім» деген ой келеді. Алайда ондай мұрсат бізге берілмейді.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа, иманға келгендер! Мал-мүліктерің мен бала-шағаларың сендерге Алланы еске алуды ұмыттырмасын. Біліп қойыңдар, кімде-кім солай істейтін болса, нағыз зиян шегетіндер – солар. Қайсыбіріңе болмасын, ажал жеткенде «Уа Раббым! Маған аз ғана уақыт мұрсат берсең, жатпай-тұрмай қайырымдылық жасап, мол зекет-садақа беріп, ізгі жандардың қатарына қосылар едім» демей тұрып, өздеріңе ризық етіп берген нығметтерімізден жұмсаңдар», – деген («Мунафиқун» сүресі, 9-10 аяттар).

Қысқаша түсіндірмесі: Мал-мүлкімен, бала-шағасымен мақтанып, масаттанған екіжүзділер секілді сендер де, мұсылмандар, ондай әрекеттерден алыс болыңдар. Сендердің дүние-мүліктерің Алланы еске алуларыңа кедергі болмасын. Әйтпесе, қасіретке ұшырағандардан боласыңдар. Сендерге берген нығметтерімнің бір бөлігін Менің жолымда жұмсаңдар, өйткені өлім келер шақта сендер бүкіл дүниелеріңді Алла жолында сарп етуді қаласаңдар да, Алла сендерді мына дүниеге қайтармайды.

Адам баласы уақытты қалаған кезде тоқтатып қойып пайдалана алмайды. Уақыт бізді күтпейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Өмірдің әр таңында күн былай деп тіл қатады: «Ойыңа алған жақсы істі тезірек жасауға асық! Өйткені мен қайтып келмеймін», – деу арқылы әр күннің ерекше екенін меңзеп кеткен. Хасан әл-Басридың да осыған ұқсас сөзі бар: «Әрбір атқан таң былай деп тіл қатады: «Уа, адам баласы! Мен бүгін сен үшін жаратылдым. Сенің әрбір ісіңе куәмін. Мені бос жібермей, пайдаңа асырып қал, қайтып оралмаймын». Сол себепті әр күніміз біз үшін бір тарих. Қанша тырыссақ та, оны қайтара алмаймыз. Уақыттың керек емес жерін видеоны монтаждағандай кесіп тастай алмаймыз. Сол күні істеген ісіңіз, әрекетіңіз тарих болып қала береді һәм оны өзгертуге қауқарыңыз жоқ. Сол себепті әрбір ісімізге, айтар сөзімізге мұқият болайық.

материал «Уақыт және сен» кітабынан алынды,

ummet.kz


 

 

Бөлісу: