06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Әнәс ибн Маликке (р.а) жасаған дұғасы

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Әнәс ибн Маликке (р.а) жасаған дұғасы

Ислам тарихы

Алла Елшісі (с.а.с.) ол үшін: «Уа, Алла! Оның малын, жанын көбейтіп, бергендеріңнің берекесін бер! (Өмірін ұзақ етіп, күнәсін кешір!)» – деп тілек еткен еді.

Кейінірек Әнәстің өзі: «Алланың атымен ант етемін! Менің мал-мүлкім де көп. Ал бүгінде балаларым мен немерелерімнің саны жүзге жетеді. (Қызымның айтуынша, менің ұрпақтарымнан Басра қажыларының арасында жүз жиырмадан астамы жерленген екен). Ғұмырым ұзақ болды. Тіпті, адамдардан ұялатын болдым. Алладан кешірім сұраймын», – деген. Әнәстің (р.а) жылына екі рет жеміс беретін бағы бар болатын. Оның ішінде керемет хош иісті райхан гүлдері өсетін. ә) Алла Елшісінің (с.а.с.) Әбу Һурайраның (р.а) анасына жасаған дұғасының нәтижесінде ол кісі сол мезетте-ақ Ислам дініне кіреді. Ол туралы Әбу Һурайраның (р.а) өзі: «Анамды ылғи да Ислам дініне үгіттейтінмін. Өйткені ол мүшрік болатын. Бір күні әдетімше уағыз айтып едім, ол Алла Елшісі (с.а.с.) туралы жағымсыз сөздер айта бастады. Мен жылап, Алла елшісіне (с.а.с.) келдім.

«Уа, Алла елшісі! Мен анамды Исламға шақыратынмын, бірақ ол маған қарсы шыға берді. Бүгін тағы да шақырып едім, сен туралы жағымсыз сөздер айтты. Алла Тағаладан Әбу Һурайраның анасын тура жолға бастауын сұрашы», – дедім.

Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Алла! Әбу Һурайраның анасын тура жолға сала гөр!» – деп дұға қылды. Мен ол жерден Алла пайғамбарының (с.а.с.) дұғасына шектен тыс қуанып шықтым. Үйіміздің есігіне жақындағанымда, ол жабық тұр екен. Іштегі анам менің аяғымның тысырын естіген болуы керек: «Уа, Әбу Һурайра! Кірмей тұра тұр», – деді. Мен үй ішінен судың сылдырын естідім. Сөйтсем, анам ғұсыл алып, киімін киіп жатыр екен. Орамалын тез киіп, есікті ашты да: «Ей, Әбу Һурайра! Әшһәду әллә иләһә илләллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммәдән ъабдуһу уә расулуһ!» – деді. Содан кейін мен қатты толқыныстан көзіме жас алып, қайтадан Алла Елшісіне (с.а.с.) жүгірдім. Бара сала: «Уа, Алла елшісі! Сүйінші хабар! Алла сенің дұғаңды қабыл алып, Әбу Һурайраның анасын тура жолға салды», – дедім қуанышым қойныма сыймай. Ол (с.а.с.) Аллаға мақтау-мадақ арнап, қайырлы болсын айтты. Мен: «Уа, Алла Елшісі! Алладан мені және анамды иман келтіргендерге және оларды бізге сүйікті етіп көрсетсін деп дұға қылшы», – деп өтіндім. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): «Уа, Алла! Мына пендеңді және оның анасын иман келтірген пенделеріңе сүйікті ет және бұларға иман келтіргендерді сүйікті етіп көрсет», – деп дұға етті. Содан бері бір мүмін мен туралы естісе не көрсе, бірден жақсы көретін болды», – деп әңгімелеген.

материал «Дұға – құлшылық өзегі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: