17
Жұма,
Мамыр

һижри

Өмірдегі негізгі мақсатың Алланың махаббаты болсын!

Өмірдегі негізгі мақсатың Алланың махаббаты болсын!

Ислам тарихы

Құдси хадисте: «Пендем нәпіл құлшылығымен Маған жақындай түскен сайын оны жақсы көремін. Егер Мен пендемді жақсы көрсем, оның еститін құлағы, көретін көзі, сөйлейтін тіліне айналамын (яғни, оның ағзаларын Өзім басқарамын). Не сұраса беремін, пана тілесе, панама аламын», – деп айтылған.

Намазды тек парыз өтеу дәрежесінен құлшылықты сүю дәрежесіне көтермейінше, сүннет намаздарына сақ бола алмайсың. Күнделікті Алланы еске алу, оны тану, намазды хушуғпен оқудың себебін жасау арқылы ғибадатты сүйетін дәрежеге жетесің. Сол сияқты намазға күнделікті проблеманы шешуші құрал ретінде арқа сүйей отырып нәтижеге қол жеткізсең, онда намаздың құндылығы артып, нәпіл, қосымша намаз оқуға итермелейді. Қосымша намаздарға берік болу, парыз намаздарды сақтайды.

Нәпіл намазбен қорғанған сайын азғырушы күштер әлсірей береді.

Алла Тағалаға Өзінің махаббатына жететін жолды ашық әрі жеңіл етіп қойғаны үшін сансыз мадақ пен мақтаулар болсын. Қазір сенен аздаған үзіліс жасап, тыныштықта қалып ойланғаныңды қалаймын. «Алла сені жақсы көреді» деген сөздің мағынасы жайлы ой жүгіртіп көрдің бе? Сенен бұл сөзді әдеттегі сөз ретінде қабылдамауды сұраймын. Алланың сені жақсы көретінін ойлап көр. Барлық нәрсенің иесі Алла. Барлық мүліктің қожайыны. Ол мына жұмыр жерді жаратқалы бері қаншама патшалар келіп-кетті. Бай болатыны бай болды, кедей болатыны кедей болды. Түрлі оқиғалар орын алды. Бір халық көтерілсе, бірі қор болды. Алла – ол Алла. Ол – Патша. Ол – Бай. Ол ешкімге мұқтаж емес. Ол қалағанын көтеруші, түсіруші. Енді ойланып қара, жалғыз ғана Тұрақты әрі Мәңгі болғанмен байланыстасың, ол – АЛЛА. Алланың сені жақсы көретінін ойла.

Егер Алла сені жақсы көрсе, сені аспандағылар да жақсы көреді. Сені жердегілер де жақсы көреді.

Пайғамбарымыз: «Алла Тағала бір құлын жақсы көрсе, Жебірейіл періштені шақырып: «Мен пәленше деген құлымды жақсы көремін, сен де оны жақсы көр», - деп бұйыратынын айтқан. Жебірейіл періште бұл бұйрыққа бірден бойұсынып, Алланың жақсы көрген әлгі құлын ол да жақсы көретін болады.

Содан ол көктегілерге: «Алла Тағала пәленше деген құлын жақсы көреді, сендер де оны жақсы көріңдер», - деп жар салады. Мұны естіген көктегі періштелер де әлгі адамды жақсы көре бастайды. Сөйтіп ол жер бетінде де (адамдардың) ілтипатқа бөленеді.

Егер Алла сені жақсы көрсе саған жан тыныштығын сыйлайды. Жан тыныштығы ол – разылық, бақыт, оптимизм, күш және өзіңе деген сенім, жақсы ойда болу мен өмірге деген дұрыс көзқарас. Барлығын жоғалтсаң да, жан тыныштығымен бақыттысың.

Егер оны да жоғалтсаң, барлығына иелік етсең де, бақытсыз күй кешесің. Егер Алла сені жақсы көрсе, саған жан тынышытығын сыйлайды. Ал разылық – ол дүниенің жәннаты. Егер жан тыныштығына қол жеткізсең, барлық нәрсеге жақсы қарайсың. Жаның тыныш болмаса дүниенің барлығына иелік етсең де, бақытты бола алмайсың. Өмірдегі негізгі мақсатың Алланың махаббаты болсын! Алланың махаббаты – намазға деген махаббатқа байланғанын ұмытпа! Намазды жақсы көрген сайын Алла да сені жақсы көреді «Пендем нәпіл құлшылығымен Маған жақындаған сайын оны жақсы көре түсемін…»

материал «Мүмкіндік» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: