10
Жұма,
Мамыр

һижри

Кім ақыретіне азық жинаса, Қияметте Алланың азабынан аман болады

Кім ақыретіне азық жинаса, Қияметте Алланың азабынан аман болады

Ислам тарихы

Уаһб ибн Мунаббиһ былай деген екен:

«Тәуратта былай жазылыпты: «Кім  дүниеде ақыретіне азық дайындаса, онда Қиямет күні Алланың азабынан аман болады.

Кім қызғаншақтықтан аулақ болса, Қиямет күні халайықтың алдында мақтаулы болады.

Кім билік-құмарлықты тастаса, Қиямет күні Мәлик Жаббардың алдында абыройлы болып тұрады.

Кім осы дүниеде көп сөйлеуін қойса, ақыретте ізгілермен бірге болады.

Кім осы дүниеде даулескерлігін қойса, Қиямет күні озушылардан болады. Кім осы дүниеде сараңдықтан сақтанса, ақыретте халайықтың алдында беделді болады.

Кім осы дүниеде көп рахаттан бас тартса, Қиямет күні шат-шадыман халде болады.

Кім осы дүниеде харамды тастаса, Қиямет күні пайғамбарлармен бірге болады. Кім осы дүниеде көзін харамға қараудан тыйса, Қиямет күні Алла Тағала оны жәннатпен сүйіншілейді. Кім осы дүниеде Алла жолында байлықтан бас тартып, кедейлікті таңдаса Қиямет Күні Алла Тағала оған әулиелер мен пайғамбарлардың жанынан орын береді.

Кім осы дүниеде адамдардың мұқтаждықтарын өтесе, Алла Тағала оның дүние және ақыреттегі қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Кім өзінің қабірінде жалғызсырамауды ойласа, қараңғы түнде тұрып, намаз оқысын.

Кім Рахманның Аршысының көлеңкесінде болғысы келсе осы дүниеде зәһид (тақуа) болсын. Кім өзінің амал есебі жеңіл болғанын қаласа, өзіне және бауырларына насихат айтып жүрсін. Кім жәннатта періштелердің өзіне келіп тұруын қаласа, харамдардан, күмәнді нәрселерден сақтансын.

Кім жәннат жазирасын мекен еткісі келсе, Алланы күні-түні зікір етсін. Кім амалының талқыға түспей, жәннатқа тура кіруді қаласа, Аллаға шынайы тәубе жасасын. Кім бай болғысы келсе, Алланың бұйыртқанына разылық танытсын.

Кім Алланы Жоғары жақсы танығысы келсе, Одан қатты қорқатын болсын. Кім хакім болғысы келсе, білім іздесін. Кім адамдардың жаманаттарынан аман-сау болуын қаласа, олар туралы тек жақсы сөз айтсын, неден жаратылдым, не үшін жаратылдым  деп өзіне-өзі есеп берсін.

Кім екі дүниенің абыройын қаласа, дүниесін ақыретіне айырбастасын. Кім нығметі таусылмайтын Фирдаус, Нағим жәннаттарында болуды қаласа, ғұмырын тек дүние қызықтарына арнамасын.

Кім дүниеде де, ақыретте де жәннатты  қаласа, сақи жомарт болсын. Өйткені сақи жомарт жәннатқа жақын, тозақтан алыс болады. Кім жүрегінің нұрлануын қаласа, Алланың жаратылысы туралы ойға шомып, ғибрат алсын.

Кім өзінің тәнінің сабырлы болуын, тілінің зікірде болуын, жүрегінің дәйім қорқынышта болуын қаласа, мүміндер мен мұсылмандар үшін сансыз истиғфар айтсын».

материал «Қайтар күнге дайындық» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: