19
Жексенбі,
Мамыр

һижри

«Харамнан сақтанғандардан есеп алуға ұяламын»

«Харамнан сақтанғандардан есеп алуға ұяламын»

Ислам тарихы

Хадис құдсиде айтылғандай: «Харамнан сақтанғандардан есеп алуға ұяламын» деген сырды түсінуге тырысу керек.

Демек, дүние деген өткелде тоқталынған жерлердің бүкіл азық-түлігін адал болғанынан таңдау қажет. Себебі, құлды тура жолдан адастырмайтын, иләһи сезімдер және сырлармен әшекейлейтін әрі жалған дүние зынданынан шығарып, Алланың нұрына жеткізетін қуат тек адал азықтүлікте. Адал мен харам арасында күмәнді ризықтар да бар. Олардан да харамнан қашқан сияқты, қашу керек. Себебі, күмәнді нәрселер де Алланың тиым салғандарының шеңберінде. Кім ол жерге кірсе, құрдымға кетеді. Алла Елшісі Хазіреті Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтады: «Сөзсіз адал да, харам да белгілі. Бірақ, екеуінің арасында адамдардың көбі ажырата алмайтын күмәнді нәрселер де бар. Кімде-кім сол күмәнді нәрселерден сақтанып жүрсе, өзінің дінін, қадірін құтқарған болып табылады. Кімде-кім күмәнді нәрселермен шатасып қалса, онда харамның ішіне түскен болады. Ол кісі малдарын қорықтың айналасына жайып жүрген кісіден айнымайды. Арада көп уақыт өтпей жатып ол кісі малдарын сол қорықтың ішіне жайып кетуі мүмкін. Білгеніңіз жөн болар. Әрбір патшаның бір қорығы, яғни тиым салған жері бар. Алланың қорығы да – харам еткен нәрселері...» (Бухари, Иман 39; Муслим, Мүсәқат, 107)

Адамды руханиятқа, нұрға бөлейтін адал азық арқылы негізгі азықтың руханият пен нұр азығы болғанын назарға салған Хазіреті Мәулана былай дейді: «Адамға нұрдан артық азық жоқ. Рух одан басқасымен коректене алмайды». «Бұл жер жүзінің азық-түлігінен бірте-бірте аулақ бол! Өйткені, бұлар адамның азығы емес». «Сен аспан әлемінің азығын алуға күш жина! Нұр жұтымын алуға дайындал!» «Құранда айтылған: «Алланың мархаметінен несібе іздеңдер!» деген аятқа құлақ сал». «Біліп ал, тән аш қалмайынша, Хаққа қарай бет бұрмайды, бой ұсынбайды, қарсы келеді. Оны тоқ күйінде жолға салу, суық темірді соққанмен тең». «Нәпсі ашаршылық кезінде, Хазіреті Мұсаның алдында жер бауырлап жалбарынған перғауынға ұқсайды». «Бұл ауыр, тығыз ризық қиқымдарынан құтылсаң, ұлы, әдемі әрі жеңіл ризықтарға жетесің». «Сол рухани ризықтардан қанша жесең де, пері секілді тап-таза және қыл секілді жеп-жеңіл жүресің». «Алла дастарханынан, сол рухани азықтардан теңіздер мөлшеріндей же. Сонда да, хош бір халде кеме секілді жүзіп кете бересің». «Тән асқазаны адамды сабандыққа сүйрейді. Ал, көңіл асқазаны райханға жетелейді». «Сабан, арпамен семірген хайуан құрбан етіледі. Хақ нұрымен коректен де, жанды Құранға айналады». «Асқазаннан бас тартып, көңілге қарай бет бұр да, Алладан саған пердесіз, ашық түрде сәлем келсін». «Мынаны жақсылап біліп ал. Аштық – дәрілердің патшасы. Аштықты жан-тәніңмен қабылда. Оны қор көрме!» «Барлық аурулар аштықпен емделеді. Барлық әдемі тамақтар аш болмайынша қадірсіз болады!»

Мал-мүліктен өзіміз бен жанұямыздың күнкөрісі үшін жұмсаймыз. Бірақ, ысыраптан сақтану керек. Себебі, дүниедегі байлық, дәулет шектелген. Аманат болғаны соншалық, оның сұрауы да бар. Бұлардың бүгінгі капиталистік жүйесіндегідей шашып-төгіп жұмсалуы келешек ұрпақтың өмірі үшін қауіпті. Жаны бар тіршілік иелері арасында тек адам баласының ғана көзі тойа қоймайды. Алайда, қой отарына шабуыл жасаған бір жабайы жыртқыш, сол кезде тоятынын ғана өлтіреді. «Мынаны ертең жеймін!» деп өлтіре бермейді. Тіпті, отардағы қалған қойлармен дос болып қалады. Ал, адамзат болса, шектен тыс тойымсыз, ашкөз. Оны бұл тойымсыздықтан құтқарудың бірінші шарты – ризықтың азайып, көбеймейтіндігіне сендірумен қатар, ысыраптан сақтандыру. Құран Кәрімде: «Қандай бір нәрсе болсын, оның кеніші (қазнасы) біздің қасымызда, біз оны белгілі мөлшерде ғана түсіреміз» (Хижр, 21) деп, баяндалып, өмірдегі нәсіп өзгешеліктерінің иләһи еріктің арқасында іске асқаны ашықталып, түсінген адамға ашкөздік пен қанағатсыздық жолы жабылған. Алланың қасындағы ризықтың әр мөлшерде бөлініп берілгені осы аят кәрімде анықталған.



материал «Махабаттағы сыр» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: