05
Жексенбі,
Қаңтар

һижри

Әлеуметтік желі әдебі: Шамадан тыс пайдаланбау

Әлеуметтік желі әдебі: Шамадан тыс пайдаланбау

Ислам тарихы

Қазіргі таңда телефон, смартфон сынды түрлі гаджеттер сенімді серігімізге, әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Біріміз қажеттілікпен, басқамыз көптен қалмайын деп тіркеліп алдық.

Біреудің кәсібіне, енді біреудің ермегіне айналған желілер қалың жұрттың жарнама қызметіне де жарап тұр. Желіде өз ойын іркілмей айтып, кейде қызбалықпен шектен шығып жататын жандар да аз емес. Әрбір сөздің сұрауы болатыны естен шығып, әдеп пен иба, құрмет пен сыйластық ескерусіз қалып, салдарынан жала жабу, қаралау, жүректерді жаралау, ар-намысын қорлау сынды келеңсіздіктер орын алып жатады. Сөйлегенде тек жақсы сөз сөйлеуді, болмаса үндемеуді бұйыратын дінімізде сөз жауапкершілігіне үлкен мән беріледі. Сондықан да әлеуметтік желіде отырғанда да әдептен озбау маңызды. Себебі қай уақытта, қай жерде болсақ та Алланың бақылауынан тыс емеспіз. Әбу Зардан (Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Қайда болсаң да Алладан қорық, күнәлі істен кейін оны өшіретін жақсылық жаса әрі адамдармен қарым-қатынаста көркем мінезді бол», – делінеді (Ахмад, Тирмизи).


Әлеуметтік желіге тәуелдік бүгінгі таңда қауіпті дерттің біріне айналып отыр. Мұндай тәуелдікке душар болған адам көп уақытын әлеуметтік желілерде өткізеді. Желіде жоқ кезінде жүрегінде қобалжу пайда болып, өзгенің жазған пікірін, келіп түскен жаңа хабарламаны жіберін алғандай алаңдап, мазасызданады. Интернеттің өшіп қалуы күйгелек күйге түсіріп, тіпті, күйзеліске апаруы мүмкін. Мұсылман адам әлеуметтік желіге жақсы мақсатта ғана жүгініп, оны пайдаланатын уақытын реттеп, шамадан тыс қолданудан өзін шектеуі тиіс. Пайғамбарымыз ﷺ: «Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің қадірін біл: кәрілік жетпей тұрып жастықты, ауырмай тұрып денсаулықты, кедейлікке ұшырамай тұрып байлықты, бос болмай тұрып бос уақытты, ажал келмей тұрып өмірді (бағала)», – деп өсиет еткен («Сахих әл-жамиғ»).

материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: