28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

«Бүгін бар, ертең жоқ дүние үшін араздаспаңдар»

«Бүгін бар, ертең жоқ дүние үшін араздаспаңдар»

Ислам тарихы

Алқама ибн Харис (р.а.) былай дейді:

«Жеті адам болып Алланың расулына (с.а.с.) барып сәлем бердік. Ол сәлемімізді алды. Біраз тілдестік. Арамыздағы әңгіме былай өрбіген еді:
– Сендер кімсіңдер? – деді ол. Біз:
– Мүміндерміз.
– Барлық сөздің бір ақиқаты бар, иманыңыздың айғағы не?
– Мына он бес қасиет. Оның бесеуін бізге сен бұйырдың, бесеуін елшілерің бұйырды, ал бесеуі – надандық дәуірінен келе жатқан қасиеттеріміз. Егер сен оларға да тыйым салсаң, қажет болса, бас тартып, не айтсаң, соған бағынамыз.
– Мен сендерге қандай нәрсе бұйырдым?
– Сен бізге Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, жақсылық пен жамандықтың Алладан екеніне сенуді бұйырдың.
– Сендерге менің елшілерімнің бұйырған нәрселері не?
– Елшілерің бізге Алладан басқа табынуға лайық тәңірдің жоқ екеніне, Оның теңі-теңдесі жоқ екеніне сенуімізді, сенің Алланың құлы әрі расулы екеніңе куәлік келтіруімізді, бес уақыт намаз оқуымызды, парыз болған зекетті беруімізді, рамазан айында ораза ұстауымызды, шама келсе, қажылыққа баруды бұйырды.
– Ал надандық кезеңінен қалған бес қасиеттерің қайсылары?
– Молшылық кезінде шүкіршілік, қиындыққа сабырлық, соғыста әділдік сақтау, басқа түскен қиындыққа наразылық танытпау, тіпті дұшпанымыздың басына келген қасіретке қуанбау.
Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Түсінігі мол, тура сөйлейтін, ізгілікті ту еткен қауым екенсіңдер. Қасиеттеріңнің кереметтігі соншалық – пайғамбарлық көкжиегіне жетейін деп қалған екенсіңдер, – деп бізге ілтипат білдірген соң, – сендерге енді бес өсиет айтамын, Алла осылайша сендердің асыл қасиеттеріңді шыңдай түссін: жегендеріңнен артық нәрсе жимаңдар, өздерің тұрмайтын үй салмаңдар, бүгін бар, ертең жоқ дүние үшін бір- біріңмен араздаспаңдар, Алладан қорқып, азабынан сақтаныңдар, мәңгілік тұрақтайтын ақырет мекеніне қуана-құлшына ынта білдіріңдер!» – деді.

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: