28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Адамның рухы қабірде денеге қайта кіре ме?

Адамның рухы қабірде денеге қайта кіре ме?

Ислам тарихы

Қабір әлемі біздің күнделікті көріп, сезіп жүрген материалды өмірден тыс әлем екені белгілі.

Ондағы құбылыстарға ақыл-ой жүгірту мүмкін емес. Оған байланысты мәліметтерді тек Құран аяттарынан немесе хадистерден ғана біле аламыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде адам қайтыс болғаннан кейін қабірде рухы қайта денесіне оралып, содан соң екі періште оны отырғызып қойып сұрақ сұрайтыны айтылған.

Имам Ағзам Әбу Ханифа былай дейді: «Қабірде Мүнкәр-Нәкирдің сұрақ сұрауы шындық және (сұрақ сұралу барысында) қабірдегі пенденің рухы денесіне оралатындығы да шындық» («әл-Фиқһуль әкбәр»).

Ендеше, қайтыс болған адамның рухы екі періште сұраққа алу барысында өлі денесіне оралады. Одан ары қарайғы қабір өмірінде рухының денесінде қалуы немесе қалмауы мәселесінде ашық әрі нақты дерек жоқ. Дегенмен, әһли сүннет ғалымдары: «Алла Тағала қабірдегі мәйітке азапты сезу үшін немесе рахаттықты тату үшін бейнебір «тірілік» жаратып қояры сөзсіз», – деген.

Бұл жайында Мәтуриди ақидасы ғұламаларының бірі Әбу Муғин ән-Нәсәфи: «Жаратушымыз қайтыс болған адамға кәпір болса азапты, мүмін-мұсылман болса рахатты тататындай бейне бір жан бітірері сөзсіз... Алла Тағаланың мына сөзі де соны меңзеп тұр: «Уа, Раббымыз! Сен бізді екі рет өлтіріп, екі рет тірілттің», – делінген аятта («Ғафир» сүресі, 11-аят). Бұл құбылыс рухтың өлі денесіне қайта оралуы арқылы да болуы мүмкін немесе өлі денеге рухты оралтпай-ақ, өз алдына бейне бір тірілік жарату арқылы жүзеге асуы да мүмкін. Бұл жайында ғалымдарымыз нақты сөз етпеген...» – дейді ғұлама (Әбу Муғин ән-Нәсәфи: «Тәбсыратуль әдилла», 2-том, 1034-бет).

Кәләмші Саъдуддин әт-Тәфтәзани де: «Қабірде рахатты немесе азапты татуы үшін Алла Тағала бейне бір тірілік жаратады. Бұл жерде рухының денесіне кіруі шарт емес. Тіпті, өлі денесінде азаптың белгісі байқалмауы да мүмкін. Тіпті, денесі суға батып көмілмей қалса да немесе денесі хайуандарға жем болса да... қабір азабын (немесе қабір рахатын) татады», – деген (Имам Тәфтәзани: «Шарху әл-Ақидату ән-Нәсәфия», 67-бет).

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: