Дінімізде қол алысып амандасу сауапты амал болып есептелінеді.
Оның сауаптылығы жайында Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
«Екі мұсылман жолыққанда бір-бірімен қол алысып амандасатын болса, екеуі екі жаққа кетпей тұрып, күнәлары кешіріліп қояды»[1].
Ал, енді, "екі қолдап амандасу сүннет пе, бір қолдап па?" деген мәселе хадистерде нақты айтылмағандықтан Ислам ғұламалары (хадистерді назарға ала отырып) екі түрлі пікір баян еткен:
1.Екі қолдап амандасу – сүннет. Әбу Ханифа мәзхабында екі қолдап амандасу – сүннет[2]. Өйткені, «Сахих Бухарида» келтірілген риуаятта, сахаба Абдулла ибн Мәсъуд былай дейді: «Алла елшісі маған, қолым оның екі қолының арасында болған күйі (яғни, қолымды екі қолдап ұстап тұрып), тәшәһһуд дұғасын үйретті. Оны, Құран сүрелерінің бірін үйретіп жатқандай үйретті»[3].
2. Бір қолдап амандасу – сүннет. Өзге Ислам ғалымдарының тұжырымы бойынша, екі қолдап емес, бір қолдап амандасу – сүннет. Себебі, хадистегі «қол беріп амандасу» сөзі көбіне «бір қолмен» амандасуды білдіреді. Дегенмен, екі қолдап амандасқан адамға да күнә жазылмасы анық дейді.
Қорытынды:
Қол алысып амандасу – дінімізде сауапты амал болып есептелетіні анық. Үкімі – сүннет (мұстахаб дейтіндер де бар). Екі тәсілдің қайсысы абзалырақ екенін жергілікті менталитетке, салт-дәстүрге қарай анықтаған жақсы.
Біздің елде екі қолдап амандасу – құрметтілік пен әдептіліктің және кішіпейілдіктің көрінісі. Әсіресе, жасы үлкен кісілермен амандасқанда екі қолдап амандасып жатамыз.
Ендеше, ең абзалы - екі қолдап амандасу. Неге десеңіз, екі қолдап амандасу адамдар арасында өзара сый-құрметтілікті арттыра түсіретіндіктен, хадистің астарындағы мақсат-мұратқа көбірек сай деген пікірдеміз.
[1] Сахих Бухари.
[2] Ибн Ғабидин, «Раддуль Мухтар». 9/548 бет.
[3] Сахих Бухари
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz