Сахабалар бірлік пен ынтымақтастыққа қаншалықты мән берді? Олар халықты Алла мен Алла Елшісінің жолына шақырғанда, сол жолда күрескенде, алауыздыққа жол бермей, бір-бірімен араздасудан қалай сақтанды?
Әбу Бәкірдің (р.а.) осы туралы айтқандары
Ибн Ысхақ жеткізеді: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) дүниеден озғаннан кейін сахабалардың алдында елді басқару, осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерді одан ары дамыту, яғни Исламның өрісін кеңейтіп, жаңа белестерді бағындыру мәселесі тұрды. Тақуалығымен, ерлігімен аты шыққан мәшһүр сахабалар Бәни Саида жерінде бас қосты. Алдымен, сөзді Әбу Бәкір (р.а.) бастады: «Мұсылмандарды екі имамның бір мезгілде басқаруына қарсымын. Мұндай жағдайда мұсылмандардың істері мен сөздері қабыспай, бірлігі бұзылады, араларында келіспеушіліктер туындайды. Сөйтіп, сүннеттен ажырап, бидғаттар пайда болып, бүліктер шыға бастайды. Яғни, елді екі әмірдің басқаруы ешкімге пайда әкелмейді», – дейді[1].
Омардың (р.а.) осы мәселе жөнінде айтқандары
Сәлим ибн Умәйд былай жеткізеді: «Әбу Бәкірге бағыну мәселесі туралы сөз қозғалғанда, ансарлардың бірі: «Бір басшы бізден, бір басшы мұһажырлардан сайлансын», – деген ұсыныс тастайды. Хазірет Омар елдің жік-жікке бөлінуіне апарып соқтыратын бүліктің басын қылтитқан адамға: «Бір қынапта екі қылыш бір-бірімен қаржаспай тұрмайды, сол сияқты екі басшының бір қызметті бөлісуі де мүмкін емес», – деп жауап береді[2].
Абдуллаһ ибн Мәсғұдтың осы туралы көзқарасы
Абдуллаһ ибн Мәсғұд (р.а.) былай деген: «Ей, адамдар! Сендерді басқарған басшыға бағыныңдар, жамағаттан бөлінбеңдер, өйткені жамағат – Алланың мығым арқаны. Алла сендерге сол арқаннан мықтап ұстауды бұйырған. Жамағаттың арасында жүріп, ұнатпаған қандай да бір мінез, әдет сендердің алауыз кездеріңдегі көңілдеріңе майдай жаққан нәрселеріңнен артық. Алла Тағалаға өзі жаратқан барлық нәрсенің соңы немен аяқталатыны аян. Исламның келешегі жарқын. Исламның өзінің шарықтау шыңына көтерілетін күні алыс емес. Қияметке дейін біре күшейіп, бірде әлсірейді. Елдің құлдырауының көрінісі – кедейлік пен жоқшылық. Жоқшылық белең алып, пақыр адам өзіне көмек беретін жан таппайтын қиын күндер туады. Ал, бай-бағланы тойымсыз, ашкөз келеді. Кедей адам қиналғанын айтып бауырына қанша мұң шаққанымен, одан ешбір қайыр көрмейді.
Қайыршы апталап, айлап қол жайып, қайыр сұраса да, жарытып ас ішпейді. Азғындық пен арсыздық әбден асқынғанда, жерден алапат дауыс шығады. Адамдар бұл дауыс тек өз аймағынан ғана шықты деп ойлайды.
Сосын жерді Алланың қалауымен белгілі бір уақыт меңіреу тыныштық басады. Осы тыныштықтан кейін жер қойнауындағылар сыртқа шығарылады».
«Ей, Әбу Абдуррахман, жер қойнауындағылар дегенде нені меңзедің?» – деп сұрағандарға, Абдуллаһ ибн Мәсғұд: «Алтын және күмісті. Бірақ сол күннен бастап қияметке дейін алтын мен күмістен ешқандай пайда келмейді»[3].
Ибн Мәсғұд: «Алауыздық – жаман нәрсе»
Қатададан (р.а.) риуаят етілгені бойынша, Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәллам), Әбу Бәкір, Омар және халифалығының алғашқы жылдарында Осман Мекке мен Минада сапарлап жүргендіктен, парыз намаздарын екі рәкаттан оқитын. Кейіннен Осман төрт рәкат етіп оқуды шығарды. Бұл жағдай Ибн Мәсғұдтың (р.а.) құлағына жеткенде Ибн Мәсғұд: «Инна лилләһ уә иннә иләйһи ражиун» деп тұрады да, парыз намазды төрт рәкат етіп оқиды. Одан: «Тосырқап тұрсаң да, намазды төрт рәкат етіп оқығаның қалай?» – деп сұрағандарға, «Алауыздыққа жолбермеу үшін», – деп жауап береді[4].
Әли (р.а.): «Мен қайшылықты жек көремін»
Хазірет Әлидің былай дегендігі туралы айтылады: «Намаздарыңды осыған дейін қалай оқып келсеңдер, бұдан былай да солай оқыңдар, мен қайшылыққа қаным қас. Маған дейінгі жолдастарымның тұсында халық қалай ынтымақтасып өмір сүрсе, мен өлгенше де, мұсылмандар бірлік пен ынтымақта болады!»[5]
Сүлеймен ибн Қайс әл-Әмири айтады: «Харижилердің басшысы Ибн Қаууа Әлиден (р.а.) «сүннет», «бидғат», «жамағат» және «алауыздық» деген сөздердің мағынасын сұрайды. Әли «Әй, Ибн Қаууа! Мынаны жақсылап құлағыңа құйып ал: сүннет – Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) жолы. Бидғат – жолдан шығу деген сөз. Жамағат – үркер жұлдызындай өздері аз болса да, ақиқатты ту еткен қауым. Ал, алауыздық болса – өздері көп болса да, жалғанды жақтаған қауым», – дейді[6].
[1] Бәйхақи, Сүнән 8/145 (16327)
[2] Бәйхақи, Сүнән 8/145 (16326)
[3] Хайсами, Мәжмәуз-зәуәид 7/634 (12457)
[4] әл-Хинди, Кәнзул-уммал 8/411 (22759)
[5] Бұхари, Сахих 3/1359 (3504
[6] әл-Хинди, Кәнзул-уммал 1/574 (1644)
материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,
ummet.kz