Сұрақ: Ғайур (қызғаншақ) болу мен хасед (күндеушілік) етудің арасында қандай айырмашылық бар?
Жауап: Екеуіне де елімізде «қызғану» деп айтылса да негізі бөлек-бөлек нәрселер. Хасед – көре алмау, күндеушілік, қызғану деген сөз. Яғни Алла Тағаланың біреуге берген ниғметінің одан кетуін қалау деген сөз. Одан кетуін қаламастан, өзінде де сол нәрсе болуын қалау хасед болмайды. Бұған әуестену, қызығу делінеді. Осылай әуестену – жақсы мінезге жатады. Ислам дінінің үкімдеріне, яғни парыздарды орындауға және харамдардан сақтануға мән беретін салих адамға әуестену уәжіп болып табылады. Дүниелік ниғметтер үшін әуестену тәнзиһән мәкрух болады. Біреудегі жаман, зиянды нәрсенің кетуін қалау қайраттылық болады. Қайраттылық танытқан адамға ғайур делінеді. Қайраттылық – бір адамда болған өз ақысына, оның басқа біреуді ортақ қылуды қаламауы деген сөз. Бізде намысын, жұбайын қызғану дегенде осы мінез түсініледі. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Мүмин қызғанады. Ал Алла Тағала одан да қатты қызғанады.» (Мүслим)
«Намысты қорғауға деген қайраттылық иманнан.» (Дәйләми)
Алла Тағаланың қайраттылық танытуы – пендесінің жаман амалдар істеуіне разы болмауы. Адамның Алла Тағалаға қайраттылық танытуы – харамның істелуін қаламау арқылы жүзеге асады.
Юсуф алейһиссаламның «Сұлтанның жанында менің есімімді айт!» деуі Алла Тағаланың қайраттылығына тиіп, жылдар бойы абақтыда қалуына себеп болды. Ибрахим алейһиссаламның, баласы Исмаилдың дүниеге келуіне қуануы да Алла Тағаланың қайраттылығына тиіп, оны құрбандыққа шалуы әмір етілді. Алла Тағала қатты жақсы көрген сүйіктілеріне, кейбір әулиелерге осылай қайраттылық танытуы көп жерде орын алған.
материал «Бақыттың кілті жанұяда» кітабынан алынды,
ummet.kz