18
Сенбі,
Мамыр

һижри

Адамзатты алаңдатқан үлкен қауіп – ішімдік пен есірткі

Адамзатты алаңдатқан үлкен қауіп – ішімдік пен есірткі

Ислам тарихы

Дініміз адамның денсаулығына қатты мән береді. Сонымен қатар, дене және рухымыздың саулығына зиянды нәрселердің ішілуін, қолданылуын және қандай да бір жолмен болсын денемізге кіруін харам қылып қатаң түрде тыйым салады.

Осылай бола тұра, есірткі қолдану көбейіп, осы уды қолданушылардың саны күннен күнге артуы бізді ойландырады. Ислам діні тыйым салған алкогольді ішімдіктер мен мас қылатын, адамды есінен айыратын барлық заттардың қаншалықты зиянды екендігін пайғамбарымыз: “Барлық жамандықтардың атасы болған ішімдіктерден сақтаныңдар” және“Ішімдіктен сақтаныңдар, өйткені ол барлық жа-мандықтардың кілті” деп айқын түрде ескерткен.

Шындығында да алкогольді ішімдіктер және есірткі заттар адам денесінің басқару орталығы болып саналатын миға кері әсерін тигізіп, ақыл және ойлау сезімдерін тоқтатады. Сонымен қатар, адам кейде өз-өзін тани алмайтындай масқара жағдайға, ал кейде аянышты жағдайларға тап болады. Денемізді зақымдап, әр түрлі ауруларға жол ашады. Адамның өз денесін өз қолымен біле тұра зақымдауы, әсіре-се ойы басқа тіршілік иелерінен ерекшелендіретін ойлау жүйесін жұмыс істемейтіндей жағдайға түсіруі қандай аянышты. Ішімдік, жақын дос болып үстелге отырғандарды бір-біріне қару қолданып кейбіреуін қабірге, енді бірін ауруханаға жібереді. Көптеген жол апаттарына себеп болатын және осының нәтижесінде қаншама адамдарды күтпеген жерден ажал құштыратын осы алкогольді ішімдіктер емес пе?

Алла Тағала: “Ендеше, осылардан қашсаңдар құтылуға қол жеткізесіңдер” деп бұйыра отырып, ішімдікке және құмарға тыйым салып, мәңгілік бақытқа қол жеткізу осылардан аулақ жүрген жағдайда ғана болатындығын баяндаған. Пайғамбарымыз да: “Мас қылатын әр түрлі ішімдік харам “Көбі мас қылатын ішімдіктің азы да харам” хадистерімен мұсылмандардың бұл нашар әдеттен құтылуын қалаған.

Әсіресе, адам баласының ойлау қабілетін, жүйкесін және денесіне зиянын тигізетін, соңы өлім құштыратын есірткілер жайында тереңірек тоқталып өткен жөн. Ислам діні қолданылуына, алынып-сатылуына тыйым салған осы бір улы зат жайында әрбір адамды, әсіресе жастарды хабардар ету қажет. Жастарымыз есірткі сатушылардың және жаман достардың тұзағына түсіп қалмау үшін әрбір адам өзіне тиісті міндетін дұрыс атқаруы қажет.

“Бір жолға ештеңе етпес” деген оймен есірткі қолданған адамның қайтып одан құтылуы қиынға соғады. Өйткені бұл удың дәмін тату деген сөз. Удың дәмін бір-ақ рет татуға болады. Екінші рет болмайды. Себебі біріншісінде өлтіреді. Есірткі де сол сияқты тәжірибе жасауға келмейді. Есірткі қолданған адам кейін қайтуы мүмкін емес қауіпті жолға түседі. Осы жолдың соңы аянышты өліммен аяқталады.

Ендеше, балаларымызға ие болайық. Олардың кімдермен дос болғандығын, кімдермен жүргендерін және қайда жүргендерін қадағалап отырайық. Өмір бойы өкінішке душар ететін осы бір пәлекеттен балаларымызды қорғайық.

“Менің балам оған бармайды” деп ойламайық. Балаларыңыз жақсы болуы мүмкін, оларға сенуге де болады. Бірақ біреулердің тұзағына түсіп қалуы бек мүмкін. Бауыр еті балаларымыздың осындай жаман топтардың және құрылған тұзақтардан аулақ жүруін қалай қамтамасыз ете аламыз? Осыған мұқият болғанымыз жөн.

Жастарымызды улап және ұйықтатып өз мақсаттарын жүзеге асыруға тырысатын, сол жастарымыз арқылы ұлтымыздың болашағына қауіп төндіретін жасырын әрі қорқынышты тұзақтардың алдын алу өте маңызды.

Жастарымызды улап, мәңгүрт ұрпақпен жарқын болашамызға көлеңке түсіргісі келетін дұшпан ойындарынан халықтың көзі ашық болып жастарды қорғай білген жөн.

Егер тезірек алдын алмасақ халқымыз, әсіресе жастар жаман істердің құрбаны болып кетуі мүмкін. Әлі өрши қоймаған осы тұзақтардың алдын алған жөн.

Есірткі қолдану – біле тұра шыңыраудан секіру, соған біле тұра бару деген сөз. Есірткінің тұзағына бір түскен адам одан қайтіп құтылуы өте қиын, тіпті мүмкін емес.

Біз жарқын болашақтың жастар қолында екеніне сенеміз. Олар өздеріндегі сеніммен, жігермен бұндай тұзақтарға түспейді деп үміт етеміз.

Бірақ аз да болса осы тұзаққа ілінгендерді көрген кезде жүрегіміз ауырады.  Сол себепті, есірткі қаупіне қарсы ұлт болып, ел болып абай болғанымыз жөн екендігін қайталап айтамыз.

Алдын алудың ең жақсысы, бұл қорқынышты тұзаққа жақындамау, бұл қатігез жыртқыштың тырнағына ілінбеу. Осы пәледен құтылудың жалғыз амал – оны қолданбау. Осыны ұмытпайық.

материал «Негізгі діни мағлұматтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: