28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Алланың кітаптарына иман келтіру мына төрт сенімді қамтиды

Алланың кітаптарына иман келтіру мына төрт сенімді қамтиды

Ислам тарихы

Алланың кітаптарына иман келтіру дегеніміз – Алла Тағаланың елшілеріне адамзатты адасушылықтан құтқарып, тура жолды көрсету үшін түсірген кітаптарының бар екендігіне шүбәсіз сену.

Алла Тағала түсірген кітаптардың барлығы Алланың бұйрықтарын, тыйымдарын және басқа да діни үкімдерін қамтиды. Бірақ бұл кітаптардың ең басты мақсаты – адамдарды құлшылықтарын тек бір Аллаға арнауға шақыру. Мұсылман болудың бір шарты – Құранда аты аталған барлық кітаптарға иман келтіру, олардың Алладан келгендігін мойындау. Құраннан басқа Алла түсірген барлық кітаптар адамдар тарапынан өзгеріске ұшырағандықтан, біз ол кітаптардың шынында Алладан келгендігіне және оны адамдар өзгерткендігіне сенуіміз керек. Ал Құранға келер болсақ, Алла Тағала Қияметке дейін Өзі сақтайтындығына кепілдік беріп: «Расында, Құранды Біз түсірдік. Әрі шын мәнінде, оны Біз қорғаушымыз», – деген.

Кітаптарға иман келтіру мына төрт сенімді қамтиды:

1. Олардың бір Алладан түскендігінің хақ екендігіне сену.

Яғни пайғамбарлар ол кітаптарды өздері жазбағандығына, олардың уахи екендігіне сену.

2. Құран Кәрімде аты аталған сол кітаптардың әрқайсысына жеке-жеке иман келтіру.

Құранда аты аталған төрт кітап және бірнеше парақ бар. Олар: Мұса пайғамбарға (аләйһис-сәләм) түсірілген Таурат, Дәуіт пайғамбарға (аләйһис-сәләм) түсірілген Забур, Иса пайғамбарға (аләйһис-сәләм) түсірілген Інжіл, Мұхаммед Пайғамбарға (с.а.с.) түсірілген Құран. Бұдан өзге Ибраһим пайғамбар (аләйһис-сәләм) мен Мұса пайғамбарға (аләйһис-сәләм) түсірілген парақтар бар. Ал аты аталмаған кітаптарға жалпылай сенуіміз шарт.

3. Бұл кітаптардағы өзгеріске ұшырамаған дұрыс хабарларға сену.

4. Бұл кітаптарда келген үкімі жойылмаған амалдармен амал ету, оған риза болу және мойынсыну. Құран өзіне дейінгі барлық кітаптардың үкімін жойған. Алла Тағала: «(Мұхаммед!) Саған шынайы түрде Құранды өзінен бұрынғы кітаптарды растаушы және оларды қорғаушы түрінде түсірдік. Олардың араларына Алланың өзіңе түсіргенімен үкім қыл», – деген.

Яғни оларға өзіңе түсірілген кітап бойынша үкім шығар деген мағына береді. Сондықтан бұрынғы кітаптарда келген үкіммен тек оны Құран растаған кезде ғана амал етуге болады.

материал «Құлшылық және сенім» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: