18
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Иман мен мұсылманшылықты жоятын амалдар

Иман мен мұсылманшылықты жоятын амалдар

Ислам тарихы

Дәретті адам олардың бірін істеген жағдайда дәреті бұзылып, оны қайтадан алуды міндеттейтін дәретті бұзатын жағдайлар болатыны сияқты иманды да жоятын әрекеттер бар. Иманды жоятын іс-амалдардың түп-төркіні төмендегі төрт жағдайға тіреледі:

1. Жаратушы Құдайдың бар екенін теріске шығару не Оған тіл тигізу.

2. Құлшылық жасауға лайық Аллаһты теріске шығару не Оған серік қосу.

3. Алланың нақты есім-сипаттарын теріске шығару және оларға тіл тигізу.

4. Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбарлығын теріске шығару не оған тіл тигізу.

 

1. Жаратушы Құдайдың бар екенін теріске шығару не Оған тіл тигізу.

Бұл өз алдына бірнеше түрге бөлінеді:

1. Жаратушы Құдайдың бар екенін теріске шығару. Мәселен, Жаратушының бар екенін мойындамай, «Құдай жоқ, тіршілік материядан тұрады» дейтін – материалистер мен коммунистер сияқты атеист топтар. Олар жаратылыстар мен оқиғаларды кездейсоқтық пен табиғат заңдылығына балап, олардың да Жаратушысы бар екенін ұмытады. Алла Тағала: «Алла – әр нәрсенің Жаратушысы, Ол – әр нәрсеге Кепіл», – деген.

Атеистер – пұтқа табынушы мүшріктер мен шайтаннан да өткен дінсіздер. Себебі пұтқа табынушылар мен шайтан Жаратушының бар екендігін мойындайды. Құранда мүшріктер жайлы: «Егер олардан өздерін: «Кім жаратты?» деп сұрасаң, әлбетте: «Алла», – деп айтады», – десе, шайтан туралы: «Ол (шайтан): «Мен одан (яғни Адамнан) артықпын. Сен (Алла) мені оттан жараттың, ал оны балшықтан жараттың», – деді», – деп айтылған.

Адамның коммунистер және басқалар сияқты бір нәрсені табиғат жаратты не кездейсоқ пайда болды деуі күпірлік саналады.

2. Біреудің өз-өзін құдай санауы. Мәселен, Перғауын: «Мен сендердің ұлы раббыларыңмын», – деген.

3. Құдайдың бар екенін мойындаумен қатар, әлем істерін басқаратын әулиелер тобы немесе Алладан басқа тылсым күштер бар деп сену. Бұл сенімдегілер пұтқа табынушы мүшріктерден де жаман. Өйткені пұтқа табынушылар әлем істерін басқаратын жалғыз Аллаһ екенін мойындайтын. Бұған Алла Тағаланың: «(Мұхаммед! Олардан): «Сендерді аспаннан, жерден кім ризықтандырады? Құлаққа, көзге иелік ететін кім? Өліден тіріні, тіріден өліні кім шығарады? Істерді кім басқарады?» – деп (сұра). Олар: «Алла», – дейді. «Ендеше, Алладан қорықпайсыңдар ма?» – деп айт» деген сөзі дәлел.

4. Кейінгі адасқан сопылардың: «Алла Өз жаратқандарының ішінде», «Тәңір – құл, ал құл – тәңір. Шіркін, кімнің кімге құлшылық ететінін білсем еді!», «Алла – шіркеудегі монах қана» және «Мен – Аллаһпын, ал Ол – мен» деген сияқты сөздері.

Алла Тағала мұндайлардың былдыр-батпағынан пәк әрі жоғары!

Фудайл ибн Ғияд сияқты әуелгі буындағы сопылар Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен сахабаларды өнеге тұтып, тура жолды ұстанған. Кейіннен сопылық ағым қалыптасқан. Олардың пікірлеріне сүннетке жат нәрселер еніп, тура жолдан адасқан.

2. Құлшылыққа лайық Құдайдың бар екенін теріске шығару не Оған серік қосу.

3. Алланың есім-сипаттарын теріске шығару не оларға тіл тигізу.

а) Мүмін адамның Құран мен сахих хадистерде келген Алланың есімдері мен Оның кемел білімі, күш-құдіреті, тіршілігі, естуі, көруі, сөзі, мейірімі және басқа Оның ұлылығына лайық сипаттарын теріске шығаруы оның иманын бұзады. Алла Тағала Өзі жаратқандардың ешқайсысына ұқсамайды. Құран Кәрімде: «Еш нәрсе Ол сияқты емес. Ол (Алла) – бәрін Естуші, бәрін Көруші», – деп айтылған.

Бұл аятта Алла Тағала Өзінің жаратқандарымен ешқандай ұқсастығы жоқтығын баяндап, Өзінің есту, көру және де басқа осыған ұқсас сипаттарға ие екенін хабарлаған.

ә) Алла Тағала ғайыпты білу сияқты Өзіне ғана тән сипаттарға ие. Бұл сипаттарда Онымен мақлұқтардың ешқайсысы ортақтаса алмайды. Алла Тағала Құранда: «Ғайыптың кілттері Оның қасында. Оларды Оның Өзі ғана біледі», – деген.

Кейде Алла Өзі қалаған кезде уахи арқылы елшілеріне кейбір ғайып жайларды хабарлаған. Бұған дәлел ретінде Алла Тағаланың: «(Алла – ) ғайыпты Білуші, оның құпиясын Өзі қалаған елшіден басқа ешкімге ашпайды», – деген аятын келтіруге болады.

Ғайыпты, болашақтағы орын алатын оқиғаларды Алладан басқа ешкім білмейді. Сондықтан болашақты жорамалдайтын көріпкелдер мен балшылардың істері шариғатқа қарсы, күпірлік болып табылады. Бұл туралы Құранда: «(Мұхаммед!) «Алладан басқа аспандағылар да, жердегілер де ғайыпты білмейді» деп айт», – деген.

Ал әулиелер Алладан басқаға беймәлім ғайыптан да, Алла Тағала Өз елшілеріне уахи арқылы білдіретін ғайыптан да хабарсыз. Өйткені әулиелерге уахи түспейді, уахи пайғамбарлар мен елшілерге (Алланың оларға сәлемі болсын) ғана тән.

Сондықтан ғайыпты білемін дейтін және оларға сенетін адамдар иманын жоғалтады. Алла елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім сәуегейге не балшыға барып, оның айтқандарына сенсе, онда Мұхаммедке түсірілгенге кәпір болады», – деп айтқан.

Балшы-сәуегейлер айтатын хабарлар – тек жорамал, кездейсоқтық немесе шайтанның азғыруы ғана. Оларға, расында, ғайып мәлім болса, халықтың қалтасын теспей сорған арам­тамақтарға айналмай, жер қазыналарын тауып, адал жолмен байымас па еді?! Болмаса болашақта кездесетін әртүрлі табиғи апаттардан халықты сақтандырмай ма!?

4. Елшілердің бірін теріске шығару не олардың біріне тіл тигізу.

Бұл да бірнеше түрге бөлінеді:

а) Мұхаммедтің (с.а.с.) елшілік міндетін теріске шығару.

Өйткені «Мұхаммед – Алла елшісі» деген куәлік – Ислам тіректерінің бірі.

ә) Алла елшісіне (с.а.с.) не оның шыншылдығына, адалдығына және инабаттылығына тіл тигізу. Алла елшісін (с.а.с.) балағаттау, оны күлкі ету, оған менсінбей қарау және оның іс-әрекеттерін сынау.

б) Алла елшісінің (с.а.с.) сахих хадистерін айыптау, оларды жалғанға санау немесе Құран аяттары мен сахих хадистерде келген Дажжалдың шығуы, Ислам шариғаты бойынша үкім жүргізу үшін Исаның (аләйһис-сәләм) жерге түсуі сияқты нақты хабарларды, олардың шынымен Пайғамбардан (с.а.с.) жеткенін мойындағаннан кейін теріске шығару.

в) Алла Тағала Мұхаммедке (с.а.с.) дейін жіберген елшілердің біріне сенбеу немесе Құранда не Алла елшісінің (с.а.с.) сахих хадистерінде айтылған олардың қауымдарымен бірге болған әңгіме-қиссаларын теріске шығару.

г) Аллаға ғана тән қасиет-сипаттарды Алла елшісіне (с.а.с.) балау, мәселен, кейбір сопылар сияқты «Пайғамбар ғайыпты біледі» деп айту. Сопылардың бір ақыны Пайғамбарға (с.а.с.) арнап:

«Уа, ғайыптарды білуші,

Пана іздейміз біз сенен.

Уа, жүректер емшісі,

Игілік тілейміз саған!» – деп жыр төккен.

д) Алла елшісінен (с.а.с.) жәрдем, медет, шипа тілеу сияқты тек Алланың ғана құдіреті жететінді сұрау. Қазіргі таңда бұл жағдай мұсылмандар, әсіресе, сопылар арасында кең етек алып отыр. Тіпті әл-Бусри: «Алла елшісі қолдаған адамнан

Орманда кезіккен арыстандар қорқады.

Мені өмір езіп, жанши бастағанда, одан пана сұрасам,

Міндетті түрде пана тауып, маған (бақытсыздық) тап келмейді», – деп жырлаған.

Алла елшісіне (с.а.с.) арналған бұл сөздер ширк, яғни Аллаға серік қосу болып табылады. Бұл: «Жәрдем Алланың қасынан ғана», – деп жариялаған Құран аятына, сондай-ақ Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Сұрасаң, Алладан сұра, жәрдем тілесең, Алладан жәрдем тіле!» – деген сөзіне қарама- қайшы келеді.

Ендеше, әулиелер ғайыпты біледі дейтін, оларға нәзір атайтын, құрбандық шалатын және олардан ризық, шипа, жәрдем сияқты тек Алладан ғана сұралатындарды тілейтіндердің жағдайы не болмақ? Бұл айтылғандардың үлкен ширк екені еш күмәнсіз.

е) Біз елшілердің мұғжизалары мен әулиелердің кереметтерін жоққа шығармаймыз. Дегенмен оларды Аллаға серік етуге, оларға Аллаға жалбарынғандай жалбарынуға, олар үшін құрбандық шалып, нәзір атауға қарсымыз. Бүгінде кейбір әулие атанғандардың кесенелері қаражат табу көзіне айналып кеткен. Түскен қаржыны шырақшылар бір үзім нанға зар болып отырған жетім-жесір, кедей-кепшікке бермей, өзара бөліске салып, қызығын көруде. Бұл жайлы бір ақын:

«Тірілеріміз бір дирһам да алмайды,

Ал мыңдаған (дирһамды) өлілерге арнайды», – деп бекер айтпаған.

Қасиетті саналатын кесенелер, мазарлар мен қабірлердің көбісі жалған негізде салынған. Бұл – адамдардың әулиелерге атаған ақшаларын тонау үшін алаяқтар мен айлакер-сұмдардың жасаған іс-әрекеті.

материал «Құлшылық және сенім» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: