Ей, достар, адам өзін өзі таныма, жаратқан алламын да біледі. Алла Тағаланың әміріне де мойынсұнады.
Сол себептен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқан: «...пенде өзін анық білсе, алла тағаланы» да анық білер», – деген. Және Ғайса Ғали-ассалам айтқан: «...біреудің көзіндегі шөпті алмақ болсаң, әуелі өз көзіңдегі ағашты алып таста», – деп. Мұның мағынасы: өз мініңді тазартсаң, кісінің мінін айтып ұқтыруға кісіні түзетуге сонда жарарсың», – дегені. Енді адам өзін өзі білмекке, әуелі жоғарыда айтылған қайдан жаралдым, не үшін жаралдым түбінде не болмақпын деген үш сөзді ойласа керек! Онан соң басыма пайда, дүние ақыретіме пайда не іс қылып жүрмін, халыққа не пайда келтіріп жүрмін. Біреуге, яки өзіме зиян қылғаннан саусың ба деп ойлау керек! Өйтіп өзін-өзі тексермей жүре берген адам жайдан мал, аңнан да төмен болады.
Аятта: «Ол ақымақтар төрт аяқты хайуан сықылды бәлкім онан да жаман, олар түк білмейтұғын меңіреулер», – деген. Бұлардың хайуаннан төмен болатұғыны хайуандар білімсіз болса да көбінің зияны өзгеге тимейді. Адамның зиянкестерінің зияны бір талай халыққа тиіп, ел бүлдіреді. Енді байқадыңыз ба, адам өзін өзі танымақ деген жаратқан иесінің құлы екенін һәм ғибадат үшін жаралғанын біліп, өзін-өзі тексеріп, зиянды істен қашып дал, пайдалы істі қылуға тырыспақ.
материал Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты» кітабынан алынды,
ummet.kz