Ендігісі, орындауың керек болған төрт нәрсеге келер болсақ:
Біріншісі – Қолыңдағы құлың саған қалай мәміле жасағанда ғана оған риза болып, одан көңілің қалмай, ашуланбайтын болсаң, сен де Құдай Тағаламен сондай мәміледе (қарым-қатынас) бол!
Қол астыңдағы мәжази (өткінші) құлыңның сені разы етпейтін істердің істеуін қаламағаның сияқты, сенің ақиқи қожайының болып табылатын Алла Тағалаға да Ол разы болмайтын істерді істеуші болма!
Екіншісі – адамдардың саған қалай мәміле жасауларын қаласаң, Сен де оларға (адамдарға) солай мәміле жаса. Өйткені пенде өзіне жақсы көрген нәрсесін басқа адамдарға да жақсы көрмейінше, иманы толық болмайды.
Үшіншісі, оқыған және неше мәрте оқып қайталаған ілімдерің – жүрегіңді дұрыстап, нәпсіңді тазартатын сипаттағы ілімдер болуы керек. Мәселен, егер сенің бір апталық өмірің ғана қалғанын білсең, сөзсіз сен фиқһ ілімін, талас ілімін, усул мен кәләм (теология) ілімдерін және т.б. сол сияқты ілімдерді оқымас едің, өйткені ол кезде ондай ілімдердің саған пайдасы тимейтінін сен білесің (бұл жерде автор аталмыш ілімдерді тереңдеп оқуды айтып отыр, «аз өмірің қалғанда оларды терең оқумен айналыспассың» деп отыр). Сен ондай жағдайда жүрегіңді бақылауға мән беріп, нәпсіңнің сипаттарын тануға тырысар едің және дүниемен байланысты нәрселерден бет бұрып, бойыңдағы жаман мінез-құлықтардан арылуға талпынар едің. Әрідесе, Алла Тағаланы жақсы көрумен, оған құлшылық қылумен мәшғұл болар едің. Жақсы адами қасиеттерді бойыңа сіңдірумен айналысар едің.
Ендеше, пендеге өлім – кез-келген күні және кез-келген түні келіп қалуы мүмкін! (Сондықтан, әрдайым ішкі жан дүниеңді дұрыстаумен және Аллаға жақын болумен айналысу керек).
Уа, балам!
Осы орайда саған тағы бір нәрсе айта кетейін. Құлақ салып тыңда әрі ақылға салып ойлан, сонда құтқарыларсың.
Егер біреу саған «бір аптадан соң сенің үйіңе Патша зияраттап келеді» деп хабар жіберсе, сен ол сәтте не істейтініңді жақсы білемін: киіміңді жаңалап, үсті-басыңды дұрыстар едің, үйіңді, отыратын төсеніштерді т.б. сол сияқты сұлтанның көзіне түсетін барлық заттарды дұрыстаумен айналысатын едің. Мен нені меңзеп отырғанымды ойлан. Сенің тез ұғатын қасиетің бар. Зерек адамға бір сөз де жетеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде былай деген:
«Шынында Алла сендердің дене-тұлғаларыңа да, істеріңе де қарамайды. Ол сендердің жүректерің мен ниеттеріңе қарайды»[1].
«Жүректердің жағдайларына» қатысты ілімді білгің келсе «Ихя улумиддин» атты кітабымнан және басқа да еңбектерімнен оқып қарағын. Жүрек ілімін білу – парз айн. Ал қалған ілімдерді тереңдеп оқу парыз кифая, бірақ оларданда Алланың парыз еткен амалдарды орындай алатындай мөлшерде білмек керек.
Алла Тағала жүрек іліміне қол жеткізуің үшін саған тауфиқ сыйласын!
Төртіншісі – мал-дүниеден бір жылға жететіннен артығын жима. Алла елшісі (с.а.у.) әйелдерінің кейбіріне бір жылға жететін нәпақасын әзірлеп қоятын болған[2]. Және де Ол (с.а.у.) былай деп Құдайдан тілейтін:
"Аллаһумма! Ижъәл-қуутә Әәли Мұхаммәдин кәфәәфән".
«Уа, Аллаһым! Мұхаммедтің жанұясының ішіп-жемін жетерліктей қыл!»[3].
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір жылдық нәпақаны әйелінің бәріне дайындамайтын. Ол олай – «жүректерінде иман әлсіздігі бар» деп білген әйелдеріне ғана дайындайтын. Ал «яқин иманға» ие әйелдеріне бір күндік, жарым күндік нәпақасын ғана беріп тұратын.
[1] Имам Мүслім: «Сүнән», №2564 хадис; Ибн Мәжә: «Сүнән», №4143 хадис. Әзіреті Әбу Һурайрадан (радияллаһу анһ) жеткен.
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари», №5357 хадис; Әбу Дәуід: «Сүнән», №2965 хадис. Әзіреті Омар радияллаһу анһудан жеткен.
[3] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари», № 6460 хадис; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім», №1055 хадис. Әзіреті Әбу Һурайрадан жеткен (радияллаһу анһ).
материал Имам Ғазалидің «Балама өсиет» кітабынан алынды,
ummet.kz