10
Бейсенбі,
Қазан

һижри

Мұсылман адамның қоғамдық ортада жүріп-тұру тәртібі

Мұсылман адамның қоғамдық ортада жүріп-тұру тәртібі

Ислам тарихы

Адамдар əлеуметтік ортада өмір сүргендіктен, бірқатар қоғамдық тəртіп ережелеріне бағынуға тиіс. Айналаны таза ұстау, қоғамдық орындарды ластамау осы міндетке кіреді. Көпшілікке мəлім, тұрғындардың жауапсыздығынан пəтердің қылтимасынан (балкон) көрпе-төсекті қағып сілку, кез келген жерге шекілдеуік, сусын қалбырын, темекі тұқылын жəне басқа да тұрмыстық заттардың қалдықтарын тастау, жаяу жүргінші жолына, жол бойына қақырынып, түкіріну секілді жағымсыз қылықтар барынша белең алған. Мұндай келеңсіз жайттардың нəтижесі халық тығыз қоныстанған ірі қалаларда санитарлық талаптардың сақталмауына, қоғамдық көпшілік орындардың барынша ластануына апарып соғуда.

Дініміз тазалықты иманның жартысы деп, айналаны, үй-жай, қора-қопсыны таза ұстауға, ұқыпты болуға барынша мəн берген. Алла елшісі (с.а.у.) мешіттің қабырғасындағы түкірікті өз қолымен таспен қырып тазалаған екен. Бұл əрекетінің өзі-ақ оның айналаның тазалығына қаншалықты мəн бергенінің көрінісі емес пе? Көне Стамбулда Фатих Сұлтан Мехмет патша заманында қала көшелерін түкіріктен əктас төгіп тазарту үшін арнайы адамдар жұмылдырылған екен.

Жаяу жүргінші көп жүретін жол бойын, демалыс орындарын былғау Исламдық тəртіпке кереғар. Қазіргі кезде сулық, қағаз майлықтың түр-түрі тұрғанда көшеге қақырынып, түкіріну өте жиіркенішті, мəдениеттілікке жатпайтын өрескел қылық. Көп қабатты үйлерде кіреберіс тұрмақ пəтердің тазалығын сақтамауды көрші ақысын бұзғандық деп білген жөн. Қоғамдық ортаның əдебінен аттамай, мұсылман қандай жағдайда да басқа адамдардың ренішін туғызатын іс-əрекеттен іргесін аулақ ұстағаны абзал.

Зауыттарда аспирациялық ауаны тазартуға тиісті қондырғылардың болмауы, егер бола қалған жағдайда ескірген, сүзгісінің қуаты əлсіз болуы да ойландырарлық жайт. Зауыттардан, жылу электр станцияларынан ауа бассейніне тасталатын күкірт тотығы, көміртегі тотығы, бейорганикалық шаң секілді лас заттар өсімдіктер əлемі мен адам организміне қауіпті. Кəсіпорындардың өндірістік санитария талаптарын сақтамауы кісі ақысын бұзғандықтың айқын белгісі емей немене? Жерасты жəне жерүсті су көздерін өнеркəсіп қалдықтарымен ластау да кісі қақысын бұзудың бір айғағы.

Адам денсаулығына қауіп төндіретін іс-əрекеттің баршасын кісі ақысын аяқасты еткендік деп санағанымыз жөн. Мəселен, ауруханаларда дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетпеудің нəтижесінде сырқаттың денсаулығының нашарлауы, өмірінің үзілуі құқық бұзушылықтың нақ өзі. Емдік препараттардың адам денсаулығына жанама əсерлерін жасырып, жарнамалау да құқық бұзушылық қатарына жатады.

Даңғаза музыка қою

Даңғаза əуендер кісінің мінез-құлқы мен психологиясына, тіпті ағзасына айтарлықтай кері əсер ететіні белгілі. Қалалы жерде көп қабатты үйлерде өмір сүретін адамдар бұған баса мəн беріп, əсіресе, жұмыстан шаршап-шалдығып келген тұрғындардың тынығуын қадағалап, түн ауғанша музыканы дабырлатып қоюды доғарғаны дұрыс. Өндіріс орындарында əртүрлі технологиялық қондырғылардың шуылын азайтуға мүмкіндік болмаудың салдарынан шаңырағына титықтап оралған тұрғынның тынығуға, демалуға арнаған уақытында музыканы құлақ тұнатындай айқайлатып қою қоғамдық тəртіп пен кісі ақысын бұзғандық болып табылады. Əрине, ойын-сауық құрып, көңіл көтеру адамның өз ықтиярындағы нəрсе, оған ешкім тыйым сала алмайды. Бірақ, құқықтар мен бостандықтар жүзеге асырылғанда көпшіліктің мүддесі ескерілетіні, оған ішінара шектеулер қойылатыны əманда есте болғаны жақсы.

 Темекі

Илəһи діндер мен қолданыстағы құқық жүйесі адамның жеке басына зиянын тигізетін, сондай-ақ қоғам өмірінде келеңсіздік тудыратын кез келген іс-əрекетті айыптайды. Сондай жағымсыз құлықтың бірі адамдардың таза ауа жұтуына, еркін тыныс алуына ерік бермейтін темекі шегу мəселесі.

Темекі шегетіндердің өз денсаулығын бұзып қана қоймай, айналасындағылардың, отбасы мүшелерінің де ағзасын улайтыны ғылыми тұрғыдан жан-жақты дəлелденген. Темекі тек жекелеген адамдардың ғана емес бүкіл халықтың денсаулығына кесірін тигізеді, онымен күресу көп қажыр-қайрат пен еңбекті талап етеді. Қоғамдық көпшілік орындарда темекі шегуге тыйым салынған. Ысырапты дінімізде харам деп түсіндірсе, темекіге жұмсалған ақшаның ысырап екені айдан анық. Темекінің шеккен адамға да, шеккеннің қасында тұрып түтінге қақталған адамға да зиян екенін ескерсек, шылымға үйір болудың Аллаһ ақысына да, кісі ақысына да нұқсан келтіру екенін білеміз.

Қоғамның, əлеуметтің биік мүддесін жеке адамның мүддесіне жыға алмаймыз. Сол секілді қоғамдық көпшілік орындарды, демалыс аймағын, жолдарды толықтай немесе ішінара заңсыз иемденуге тыйым салынған. Мұндайда жер үлесін заңдастыру, жалға беру сервитут секілді шектеулер қойыла отырып жүргізілуі мүмкін. Сервитут – бөтеннің мүлкін белгілі бір шекте пайдалану құқығы, сондай-ақ жер телімін иеленушінің құқығын заң жүзінде шектеу. Жеке басының қамын күйттеп айналаға бей-берекет қалдықтар тастаған, қилы жолдармен қоршаған ортаны былғаған, қысқаша айтқанда, көпшіліктің ақысын аяққа басқан адамдар үлкен қателікке ұрынуда. Себебі, бірлі-жарым адамның емес, қалың көпшіліктің құқығын таптаудың зауалы оңай болмаса керек.

Жол бойының ақысы

Мүминге тəн қоғамдық этиканың бірі – жол жүру мен жолай ұшырасқан жүргіншілерге де қатысты өрбиді. Жолай əңгіме-дүкен құрып отырғандарды көрген Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұдан тыюдың амалын ойлап, жол бойына жайғасып отырып əңгіменің көрігін қыздырғысы келгендерге: «Олай болса, жолдың ақысын беріңдер» деп ескерткен. Жолдың ақысы не екенін сұраған сахабаларға: «Көзді харамнан сақтау, халыққа жəбір-жапа шектірмеу, сəлем бергенге жауап қату, жақсылыққа шақырып жамандықтан тыю, жөн сұрағанға жол көрсету, жəбір көргенге болысу» деп жауап берген екен.

Көзді харамнан сақтау көңілдің байыптылығын да сақтайды. Жолшыбай өткен-кеткен əйел затына тесіле қарау отбасындағы, ел ішіндегі бүлінушілікті, іріткіні тудырады. Төмен етектінің түр-тұлғасына сұқтана назар салу ойды сан-саққа жүгіртетіндіктен дана халқымыз «Көз сүзген көрінгенге көңіл – арсыз» деп тыйым салады. Жүргіншіге, жолаушыға жəбір көрсетпе деген хадис сөзі оларды жолдан бөгеу, ғайбаттау, тілдеу секілді жағымсыз қылықтардан аулақ болуды меңзеген. Демек, жолшыбай өткен жолаушыларға назар салу дінімізде тыйым салынған құқық бұзушылықтың бір түрі. Осындай жағымсыз жайттың бірі жол бойында тауарын жайып, заңсыз сауда жасап жүргендер. Көше қапталдарын жайма базарға айналдырғандар жүргіншілер жолын кес-кестеп, оларды автокөлік жолдарымен, тротуар жиегімен жүруге итермелейді. Қара базарды жан бағу, «қара қазан, сары баланың қамы үшін» десек те, ақтап аларлық, құптай қоярлық мəселе емес. Өйткені, бұл саудагерлер салықтан жалтарғандарымен қоймай көпшіліктің жолда жүріп- тұруына да қиындық туғызады.

Жол ақысы туралы сөз қозғалған басқа да хадистерде жол жүруге бөгет болған нəрселерді шетке ысыру, жол бойын, демалатын орындарды ластамау, зəр сындырып былғамау, қоғамдық көпшілік орындарда шамадан тыс отырмау секілді мəселелер айтылады. Ауаны, суды, жердің топырақ қабатын зиянды қалдықтармен ластаумен қатар жерге түкіру, темекі тұқылы, шекілдеуік қабығы секілді тұрмыстық қалдықтарды тастау да тұрпайы, жағымсыз қылықтар болып табылады.

Қоғамдық орындарда жүріп-тұру әдебі

Мұсылмандардың өмірінде мешіттің орны бөлек. Қоғамдық көпшілік орындарға, əсіресе мешітке алба-жұлба ұсқынсыз күйде, иісі қолқаны қабатын кір киіммен кіріп баруға болмайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мешіттер зəр сындыратын немесе басқа да өрескел қылық жасайтын орын емес. Бұл жерлер тек Алла тағаланы зікір етуге (еске алуға), намаз жəне Құран оқуға арналған», – деп баса айтқан. Тағы бір хадисте мешіт ішіне түкіру күнə, оның өтеуі мешітті тазалау екені айтылған. Мұндайда намаз оқылатын жерге төселген төсенішті (кілем, мəрмəр, топырақ, құм жəне басқа) кірдің ізі қалмайтындай мұқият тазалау қажет. Көпшілік жиналатын орындарда көзге түскен былғаныштарға бей-жай қарамай, мүмкіндігінше тазалаған жөн екені де бізге хадистерден жеткен. Қоғамдық көпшілік орында айқай-шу шығарып, халықтың мазасын алу да мүминнің əдебіне жат. Сондай-ақ, мешітте айтысып-тартысуға, дауыс көтеріп сөйлеуге, жоғалтқан нəрсені жар салып сұрастыруға, сауда-саттықпен жəне басқа да нəрселермен шұғылдануға болмайды. Мешіттегі ғибадат жасаушыларды алаңдатпай тыныштық сақтаған абзал.

Сарымсақ, пияз секілді исі адам жанын тіксіндіретін нəрселерді жеп мешітке кіруге тыйым салынғаны хадисте айтылған. Бұдан біз аузымыздан, бойымыздан күлімсі иіс шыққан күйде көпшілік жиналған жерге бару əдепсіздік екенін білеміз. Хазірет Омар (р.а.) кезекті жұма құтпасында: «Уа, мұсылмандар, сендер мына екі исі жағымсыз көкөністі (сарымсақ, пияз) жейсіңдер. Мен Алла елшісінің (с.а.у.) мешітте əлдекімнен осылардың исін сезгенде мешіттен Бақи қабірстанына дейін аулаққа жібергенін көргенмін. Сондықтан, кім болса да бұлардың өткір исін басу үшін пісіріп жесін», – деген екен. Ал, бүгінгі таңда көпшіліктің тынышын кетіретін нəрселер қатары тіпті молая түскен, олардың қатарында ұялы телефондар, газ шығаратын оттықтар, темекі, өткір исі бар дəмдеуіштер қосылған шұжық секілді тағамдар бар.

Кісі көп жүретін жолдарға, көлеңкелі жерлерге, ағын суға зəр сындыруға болмайтыны туралы айтылған хадистер бізге қоғамдық көпшілік орындарда тазалық сақтаудың қажеттілігін ескертеді. Көпшіліктің игілігіне ортақ демалыс орындарын, саябақтарды тұрмыстық қалдықтармен ластағандар онда серуендеуге, демалуға келгендердің көңілін қалдырып, құқығын таптайды. Бұлай ету дінімізге, мұсылманның ахлағына қайшы. Ислам діні мұсылманның жеке басының ғана емес, үй-жайы, қора-қопсысы мен айналасының таза болуына да баса мəн берген. Олай болса, мүмин ұқыпты, жинақы болуы, айналаны ластамауы, шаң-тозаңға да бей-жай қарамауы тиіс. Қазіргі кезде табиғаты əсем, орман-тоғайлы, жайылымдық жерлерді, шарасыз қолы қысқа панасыз адамдардың жер телімдерін Аллаһтан да, адамнан да қорықпайтындар əлімжеттік қылып тартып алып, не болмаса қорқытып сатып алып, керегіне жаратып жатыр. Олардың көпшілігі азуын айға білеген алпауыттар болғандықтан, заң жолымен ауыздықтаудың да реті түсе бермейді. Зорлықпен тартып алынған мүлікке Ислам құқығы ешқандай меншік құқығын бермейді, яғни мүлікті жылдар бойы ашық, ұдайы иеленсе де мүліктің меншік иесі болып табылмайтын зорлықшыға мүлікке билік ету құқығы берілмейді. Тіпті, Ислам ғалымдары мұндай жерлерде оқылған намаздың жарамдылығы туралы да екіұдай пікірде. Табиғи ортаны қорғауда адамның санасы, түсінігі, ар-ұжданы басты рөл атқарады. Істеген іс-əрекетінің Алла құзырында күнə, заң тұрғысынан құқық бұзушылық, адамдар арасында айыпталатын қадам саналып, жəне мұнысы ерте ме, кеш пе бетіне салық болатынын білген адамның мұндайға əу бастан жоламайтыны анық.

 Жол-жүру ережелерін сақтау

Елімізде жол қозғалысы ережелерін сақтамаудың салдарынан əр жылы мыңдаған адам қаза табады. Жол-көлік апаттарының тым жиілеп кетуінің объективті себептері ретінде білместікті, алкогольдi, есiрткi немесе өзге де ақыл-естен айыратын заттардың əсерінен көлікті мас күйде жоғары жылдамдықпен жүргізуді, инфраструктураның жеткіліксіздігін, жауапсыздықты айтуға болады. Жол ережелерін сақтау жүргізушілердің де, жүргіншілердің де міндеті. Ислам құқығы тұрғысынан алсақ, жол ережелерін сақтау да уəжіп саналады. Жол-көлік апаттарының көбі жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асырып жіберуінен туындап жатады. Сондықтан, шағын елді-мекендердің ішінде көлiкті белгiленген межеден аспайтын жылдамдықпен жүргiзу уəжіп. Жүргізуші жоғары жылдамдықпен көлік жүргізіп келе жатып, соңы кісі өліміне апарып соққан жол-көлік апатына ұшыраса, оның бұл іс- əрекетін қылмыспен пара-пар құқық бұзушылық деп бағалауға əбден болады.

Ислам құқығы бойынша бөгде адамның өміріне, денсаулығына, меншігіндегі мүлкіне зиян келтірудің алдын алуға мүмкіндік бола тұра бұған жол берген адам немкеттілігі үшін жауапқа тартылады. Жол-көлік оқиғаларына осы тұрғыдан көз салсақ, бұған абайсыздықпен болса да жол бергендердің кісі ақысын бұзатындығын аңғарамыз. Көліктер соқтығысына апарып соғатын себептердің бір парасы ретінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін тағайындалатын əкімшілік жазалардың жеңілдігін, анау-мынау құқық бұзушылықтарға көз жұмып қарайтын жол полициясы қызметкерлері арасында кең жайылған парақорлықты айтуға болады. Көпшілік арасында құқықтық сананың, құқықтық мəдениеттің қалыптасуы жол-көлік оқиғалары санын айтарлықтай қысқартуға, оның алдын алуға мүмкіндік береді. Мəселен, дамыған елдерде əділетсіздікке, құқық бұзушылыққа бей-жай қарамайды, олар белсенді түрде мұндай іс-əрекеттерге қарсылық білдіруді азаматтық ұстаным ретінде басшылыққа алған. 6. Қоғамдық орындарда кезек сақтау Қазіргі таңда қоғамдық орындарда кезек күту үйреншікті жағдай. Мұндайда кезек сақтамау да кезекке орынсыз килігу ісі де жиі орын алады. Бұл – дағы кісі ақысын аяқ асты етудің бір түрі. Көлік жүргізуші үшін алдындағы көлікті орынсыз басып озу құқық бұзушылық болса, автобус, троллейбусқа кезектегі адамдарды қағып, соға міну, орынсыз кимелеу де əдепсіздік. Төлем төлеу үшін банк, почта кассаларында аурухана бөлімшелерінде, дүкенде кезекке тұрғандардың арасына сыналай кіруге ұмтылу да өзгелердің құқығын сыйламау, көргенсіздіктің бір түрі.

материал «Ислам және өнеге» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: