28
Сенбі,
Қыркүйек

һижри

Фатима анамыздың (р.а) Әлиге (р.а) айтқан соңғы өсиеті

Фатима анамыздың (р.а) Әлиге (р.а) айтқан соңғы өсиеті

Ислам тарихы

Əкесі қайтыс болған соң əзірет Фатима үшін өмірдің ешбір қызығы қалмады. Қайғырып, Алла елшісінің (с.ғ.с) өзіне айтқан сүйінші хабарының уақытын күтіп жүрді. Науқастанып, өлімнің жақындағанын сезгенде, күйеуі əзірет Әлиді қасына шақырып, оған былай деді:

‒ Маған шақыру келді.

Əзірет Әли жағдайды түсінді. Көзінен аққан жас сақалын жуып кетті. Жүзінен жұбайын қимайтындығы байқалды. Бірақ қолынан келер қайран жоқ. Əзірет  Фатима сөзін жалғастырды:

‒ Кетіп барамын, көкемнің баласы! Хасаным, Хүсейінім, Зейнебім, балаларым саған аманат.

Əзірет Әли сылқ етіп отырып қалды. Аяғында дəрмен жоқ. Айтатын сөз таппады. Алты ай бұрын ғана Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірден өткен еді. Енді міне, жан серігінен айырылғалы тұр. Мұңды көзбен əзірет Фатимаға қарады.

Ол əзірет Әлиге:

‒ Саған айтар өтінішім бар! – деді. Әли:

‒ Тыңдап тұрмын, қалауыңды айт, уа, Расулалланың қызы!

Əзірет Фатима күлімсіреді. Алла елшісі (с.ғ.с) қайтыс болғалы еш күлмеген болатын, енді күлімсіреді.

‒ Уа, Әли! Сенен айырылудың қандай қиын екенін тек мен ғана білемін. Жүрегім қан жылауда. Бірақ Алла елшісінен шақыру бар. Шақыруында қуаныш пен сүйінші бар! Уа, Әли! Саған өтірік айтқан немесе бір істе саған қарсы шыққан кезім болған жоқ! Бірақ, білместен саған қарсы орынсыз əрекетім, сені ренжіткен сөзім болса, мені кешір!

Əзірет Әлидің көзінен жас сорғалап, даусы дірілдеп:

‒ Сенен ренжітетін бір сөз де естімедім, мені ренжітетін əрекетіңді де көрмедім. Жанымды жақсы түсіндің, Фатима! – деді. Сосын əзірет Фатиманың басын кеудесіне қойып: «Қалауыңды айт», – деді. Əзірет Фатима:

‒ Балаларым саған аманат. Оларды қадірле. Қандайда бір қателіктері болса, кешіріммен қара! Мені кішкентай шатырда жуыңдар. Жуған кезде, қасыңда тек Əсма бинт Үмайс болсын. Ол қандай табыт жасау керек екенін саған айтады. Сосын мені түнде жерлеңдер. Тəніме бөтен көз түспесін! – деп аяқтады сөзін.

Саған ешқашан бөтен көз түскен емес... Сен əрдайым əдебіңнен, ар-намысыңнан айнымай өмір сүрдің жəне сол əдебіңмен, ар- намысыңмен мəңгілікке аттандың.

Соңғы сəттерінде жүзінен Сүйіктілер сүйіктісімен қауышудың қуанышы байқалды. Бөлмесіне хош иіс толып кетті...

материал «Фатима (р.а) анамыздың өмірі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: