Кезіндегі Сүлеймен пайғамбардың жақсылық жаршысы болған “Һудһуд” құсындай сен де адамдар арасында тек қана жақсылық тасушы елші бол.
Нұх пайғамбардың кезінде топан судың аяқталғанынан хабар берген көгершін құсындай адамдар арасында тек жақсылық тарат. Жан баласы сенен әлдебіреу туралы нашар пікір мен сасық сөздер естімейтіндей болсын!
Өзгенің мерейін өсіретін жағымды пікірлерді теріп жүріп, бауырлардың арасын жарастыр, жүздерін бауырмалдықтың сәулесімен нұрландыр.
Өзгенің айыбын әшкере етіп, жүзін реніштің мұңы торлайтындай өсек аянды іліп әкетуге даяр тұратын өлексені қорек ететін қара құзғындай болма!
Кейбір адамдар басқа адамдар туралы ғайбат айтудан еш шімірікпестен, орталарында талқылап отыра береді. Көп жағдайда олар бұл күнәларын “шындық қой” деп ақтап алып жатады. Сонда олардың ойынша адамдардың етін жесе де ақиқат айтылмай қалмау керек пе?! Әңгімелерін бәленшенің дүниелік айыптарын ашудан бастап, пәленшенің діндарлығынан мін табумен аяқтайды. Бәзбіреудің ғайбаттағанынан екі жақ бір бірінен алшақтап, қаншама некелер қиылмай қалып жатыр.
Қаншама ғайбаттар бар, бір отбасының балаларының жеп отырған нанынан айырып, ризық есігін жапқан. Қаншама садақалар бар ниет етілген иесіне жетпей қалған. Себебі орта жолдан қосылған кеудесі тар біреудің бәленше деген мұқтаждың өтірік мұқтаж екендігін кеше ғана баласына телефон сатып алып беріп жатқанын көргенін айтып адамды ойынан айнытатын. Айта берсең айналамызда ғайбаттың түрі көп ақ.
Егер өсек тасу саған жеңіл болатын болса, ібілістің елшісіне айналғаныңды біліп, кеш болмай тұрғанда тәубеңе кел. Уәһб ибн Мунәббиһке бір кісі келіп “Бәленше сені өсектеп жатыр!” дейді. Сонда ғалым: “Шайтан сенен басқа елші таппаған ба?!” деп жауабын қысқа қайырған екен.
материал Аслан Орақбайдың «Кеме» кітабынан алынды,
ummet.kz