11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қыс мезгілінен алынатын ғибраттар

Қыс мезгілінен алынатын ғибраттар

Ислам тарихы

Расында қыс мезгілінің құбылыстарына ой жүгірткен адам үшін онда үлкен ғибрат бар. Олардың кейбірін баяндап өтсек: Қыс мезгіліндегі құбылыстарға қарап, Алла Тағаланың қалағанын жасауға, жаратылыстарын бір халден екінші бір халге ауыстыруға құдіретті екендігін сезінеміз. Әрі Ол ешнәрсені бекерден бекер жаратпайды.

Ол туралы Құранда былай делінеді: «Күмәнсіз көктердің және жердің жаратылуында түннің және күндіздің өзгеруінде әлбетте ақыл иелері үшін дәлелдер бар. Олар тіке тұрып, отырып, жамбасынан жатып (әр халде) Алланы еске алады. Сондайақ олар көктер мен жердің жаратылуы жайында ойланады да: «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың, Сен пәксің, бізді от азабынан сақта! – дейді» (Әли-Имран сүресі, 190- 191).

Жыл мезгілдерінің өзара ауысып отыруында, оның ішінде қыстың суықтығының өзінде адамдарға, жан-жануарларға, сондай-ақ табиғатқа да өзіндік пайда бар. Денсаулыққа пайдасы туралы медицина мамандары былай дейді: «Қыста ауа райы тазара түскендіктен оттегі көбейеді, суық ауаның әсер етуі қан айналымын жақсартады, сондай-ақ аязда вирустар өліп, соның себебінен иммунитет күшейеді». Әлбетте бұл бір ғана тарабы болса, біз білмейтін қаншама пайдасы бар. Алла бір нәрсені босқа жаратудан ада!

Абу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Тозақ өзінің Раббысына: «Уа, Раббым! Менің бір бөлігім екінші бөлігімді жеп бара жатыр», – деп шағымданады. Сонда Алла Тағала жылына екі рет: бір рет жазда, екінші рет қыста тыныс алуға рұқсат береді. Оның екі рет тыныс алғанын сендер жылдың ең қатты ыстық болған күнінен және жылдың ең қатты суық болған күнінен біле аласыңдар», – деген.

Кім қатты салқынды көріп, оның қаншалықты қиын екендігіне назар салар болса, тозақтың салқыны мен ыстығынан аман болу үшін құлшылығын көбейтеді және ондай азаптан Раббысына сыйынады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олар онда жанға жайлы салқындықты да, (шөл қандырар) сусынды да тата алмайды. Тататындары – қайнап тұрған су мен ірің ғана», – дейді (Нәбә сүресі, 24-26). Мұндағы «ірің» деп келтірген «ғассақ» сөзін Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Салқындығы асқазанды күйдіретіндей қатты суық сусын»,– деп тәпсірлейді. Оған қоса Мужәһид (Алла оны рақымына алсын): «Дәмін тату мүмкін болмайтындай салқын», – деп түсіндіреді.

Ибн Аббастан жеткен басқа бір риуаятта былай делінеді: «Тозақтағы адамдар ыстықтан қорғану үшін (шыдай алмай) көмек сұрайды. Сөйтіп, сүйекті жаратындай қатты суық желмен көмек беріледі. Кейін ыстық сұрап, жаһаннам ыстығынан жәрдем сұрайды. Осылай қайталана береді». Біз қыстыгүні сезіп жүрген салқындық тозақтағы ауыр бір көріністен екенін осыдан білеміз. Ендеше қыс мезгілінде қалың киім киіп, үйге жылу қостырып салқыннан сақтанғанымыздай, тозақ азабынан да салиқалы амалдарды көбейтіп қорғанайық. Расында бұл дүниенің салқыны тоқтайды, алайда тозақтың салқыны мәңгілік. Қыста сезетін ауру уақытша, ал тозақтағы аурудың азабы қатты әрі соңы жоқ. Алла Тағала баршамызды бұл азаптардан сақтасын!

Қыстың суық күндеріне сабыр еткен уақытта жұмақты, оның нығметтерін, ондағы апаттардан, аурулардан, салқындықтан болатын амандықты еске аламыз. Ол туралы Құранда: «(Олар) Жұмақта салтанатты орындықтарға шалқая түсіп, жайғасып отырады. Бұдан былай олар онда күннің аптап ыстығын да, бет қарыған аязды да көрмейді», - деп сипатталған (Инсан сүресі, 13).

Алла баршамызды жәннаттықтардан еткей! Мұсылман адамға қыс мезгілінде суықтан, аяздан, жаңбырдан болған әртүрлі апаттар келуі мүмкін. Бірақ ол мұның бәріне сабыр етеді, себебі бұл – Алланың ісі. Сондайақ бұл құбылыстар орын алған жағдайда боранды яки аязды сөгуге болмайды. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың былай айтқанын жеткізеді: «Адам баласы заманды сөгіп, Маған тіл тигізеді. Ал заман – Менмін».

Бұл хадистен түсінетініміз: барлық табиғат құбылыстарын сөгу Алланың ісіне разы болмауға әрі оның ашуына қалуға себеп болады. Алла Елшісі де (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жел тұрғанда, оны сөгуден тыйып, керісінше мына бір дұғаны айтуды үйретті: «Иа, Алла! Өзіңнен бұл желдің хайырлы болуын сұрап, жамандығынан Өзіңе сыйынамын». Көптеген ғибадат қылушы ізгілер жаңбыр, қар, салқындық секілді нәрселердің оларға ақыретті еске түсіретінін айтатын. Олардың бірі – Рабиға бинт Исмаил (Алла оны рақымына алсын) былай дейді: «Жапалақтап жауған қарды көрген кезде қайта тірілетін және топ болып жиналатын күні үлестірілетін амал парақтары есіме түседі». Сондай-ақ көктемде жайқалып тұрған ағаш, гүл, өсімдік сияқты тіршіліктің барлығы қурап, қыс келгенде тек аппақ қарға орануы бізге қызылды-жасылды дүние де аяқталып, бір ғана ақ кебінмен өлім сапарына аттанатынымызды еске салады.

Қыс мезгілінде айнала ерекше сұлу болатыны баршамызға белгілі. Ақ ұлпа қарға оранған табиғат – тазалықтың, жайлылықтың символы іспетті.

Шеберді шебер дегенше,

Алланы шебер десеңші.

Қар жаудырып қыс қылған,

Жұмыртқаны құс қылған, – деп Майлықожа атамыз айтпақшы бұның барлығы – Алла Тағаланың жаратқан әсемдігі. Тіпті ғалымдардың мың жылдар бойы жасаған зерттеу нәтижесінде жер бетіне жауған әрбір қар қиыршығының ұқсасы да, егізі де жоқ екендігі анықталған. Олар бір-біріне ұқсас екі түйір қар қиыршығы болмайтындығын, әрі бәрі өзіне тән кескінімен ерекшеленетіндігін айтады. Әр күн сайын далаға шыққанда қыстың көрінісіне қарап, бұл шеберліктің барлығы Алла Тағаланың ұлықтығынан екендігіне ой жүгіртуді ұмытпағайсыз. Алланың жаратылыстарына қарап, тәфәккур қылу – құлшылық. 

материал «Қыс – мұсылманның көктемі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: