11
Сенбі,
Қаңтар

һижри

«Адамдар заманды сөгіп, Маған тіл тигізеді. Заман – Менмін»

«Адамдар заманды сөгіп, Маған тіл тигізеді. Заман – Менмін»

Ислам тарихы

Мұсылман адамға қыс мезгілінде суықтан, аяздан, жаңбырдан болған әртүрлі апаттар келуі мүмкін. Бірақ ол мұның бәріне сабыр етеді, себебі бұл – Алланың ісі. Сондайақ бұл құбылыстар орын алған жағдайда боранды яки аязды сөгуге болмайды.

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың былай айтқанын жеткізеді: «Адам баласы заманды сөгіп, Маған тіл тигізеді. Ал заман – Менмін».

Бұл хадистен түсінетініміз: барлық табиғат құбылыстарын сөгу Алланың ісіне разы болмауға әрі оның ашуына қалуға себеп болады. Алла Елшісі де (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жел тұрғанда, оны сөгуден тыйып, керісінше мына бір дұғаны айтуды үйретті: «Иа, Алла! Өзіңнен бұл желдің хайырлы болуын сұрап, жамандығынан Өзіңе сыйынамын».

Көптеген ғибадат қылушы ізгілер жаңбыр, қар, салқындық секілді нәрселердің оларға ақыретті еске түсіретінін айтатын. Олардың бірі – Рабиға бинт Исмаил (Алла оны рақымына алсын) былай дейді: «Жапалақтап жауған қарды көрген кезде қайта тірілетін және топ болып жиналатын күні үлестірілетін амал парақтары есіме түседі». Сондай-ақ көктемде жайқалып тұрған ағаш, гүл, өсімдік сияқты тіршіліктің барлығы қурап, қыс келгенде тек аппақ қарға орануы бізге қызылды-жасылды дүние де аяқталып, бір ғана ақ кебінмен өлім сапарына аттанатынымызды еске салады.

Қыс мезгілінде айнала ерекше сұлу болатыны баршамызға белгілі. Ақ ұлпа қарға оранған табиғат – тазалықтың, жайлылықтың символы іспетті.

Шеберді шебер дегенше,

Алланы шебер десеңші.

Қар жаудырып қыс қылған,

Жұмыртқаны құс қылған, – деп Майлықожа атамыз айтпақшы бұның барлығы – Алла Тағаланың жаратқан әсемдігі.

Тіпті ғалымдардың мың жылдар бойы жасаған зерттеу нәтижесінде жер бетіне жауған әрбір қар қиыршығының ұқсасы да, егізі де жоқ екендігі анықталған. Олар бір-біріне ұқсас екі түйір қар қиыршығы болмайтындығын, әрі бәрі өзіне тән кескінімен ерекшеленетіндігін айтады. Әр күн сайын далаға шыққанда қыстың көрінісіне қарап, бұл шеберліктің барлығы Алла Тағаланың ұлықтығынан екендігіне ой жүгіртуді ұмытпағайсыз. Алланың жаратылыстарына қарап, тәфәккур қылу – құлшылық.

материал «Қыс - мұсылманның көктемі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: