30
Бейсенбі,
Қаңтар

һижри

Ұстаз бен шәкірт арасындағы әдеп

Ұстаз бен шәкірт арасындағы әдеп

Ислам тарихы

Хазреті Әли (р.а.): «Кім маған бір әріп үйретсе, соның құлы болуға бармын», - деп, бір әріп үйреткен адамның өзі үлкен құрметке лайық екендігін білдірген.

Ислам дінінде ілім үйретуші ұстаздың орны жоғары бағаланған. Ілім үйрету - ең сауапты әрі қадірлі іс болып есептелген. Қасиетті Құранда: «Айтшы, білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят), - делініп, көзі ашық, білімді адамның тұғыры қашанда биік тұратындығы айтылса, хадистерде де ілім үйретушіні әрдайым сыйлап, құрметтеу керектігі ескертілген.

Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде: «Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар» (Хайсами, М. Зәуәид, Илм, 1/129, 30) деген.

Ұстаз әдебі

1.Өзі дәріс беретін ғылым саласы бойынша терең білім жинауы, сол саладағы жаңалықтардан хабардар болып отыруы, дайындықсыз дәріске кірмеуі тиіс.

2.Тақырыпты шәкірттер түсінетіндей етіп баяндау, айтылып жатқан сөздерді аса қиын қылып көрсету арқылы шәкірттердің көңілін суытуға болмайды.

3.Мінез-құлқымен, өмір сүру салтымен, жүріс-тұрысымен және сөздерімен шәкірттерге үлгі болуы тиіс. Олардың ұстазына құрметпен қарауына ықпал етуі керек. Шәкірттерін жиі-жиі сөгіп, оларға ұрысатын, олардан құрмет көрсетуді талап ететін және ойындағысын жүзеге асыру үшін оларға қысым жасаған оқытушы ең сүйкімсіз ұстаздардан болады.

4.Ұстаз өз саласын жақсы көруі тиіс. Өзі білетін нәрселерді шәкірттеріне барынша жақсы түсіндіруге әрекет етуі керек.

5.Ұстаздар өз шәкірттеріне олардың әкесі не анасы секілді қарауы қажет. Шәкірттерінің жақсы оқитын үлгілерін еркелетіп, бұзықтарын тәртіпке салып отырғаны жөн.

Шәкіртінің кемшілігі мен қателігін оның достары алдында айтып, оның абыройына нұқсан келтіруі дұрыс емес. Ұстаздың кешірімшіл, мейірімді болғаны жөн.

Бағалау құқығын оларды қорқыту мақсатында қолдануға болмайды. Оларды бағалау сәтінде де әділетті болу керек.

6.Қымбат дастарханнан, ұсынылған сыйлықтардан аулақ болуы керек. Өз абыройын, дәрежесін түсірмегені жөн.

Шәкірт әдебі

1. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кiмде-кiм бiлiм iздеу жолына түссе Алла Тағала оның Жәннатқа баратын жолын жеңiлдетедi. Перiштелер ғылым iзденушiнiң талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнiнде, ілім іздеген адамға көктегiлер мен жердегiлер, тiптi, судағы балықтарға дейiн жарылқау тiлейдi», - деген. (Тирмизи, Әбу Дәуд)

Бұл – білім үйренуші адамға қатысты, ал енді білімді үйретуші ұстаздың сауабы қандай болады, оған көрсетілер құрмет қандай болуы керек? Мұны адамның өзі осыдан-ақ шамалай берсе болатындай...

Сондықтан білім іздеуші адам, ең алдымен, ниетін дұрыстап, өзінің өте құрметті адамның алдына бара жатқанын түсінуі керек.

2. Әйгілі ғалым имам Мәликті анасы бала кезінде Алланың үйіне жетектеп алып келіп: «Балам, бұл кісінің білімінен бұрын, алдымен әдебін үйрен», - деген екен. Иә, әдепсіз ілім әлекке салады. Сондықтан шәкірт ұстазының ұстамды қылықтарын өзінің бойына сіңіре отыра, оның жасына, түріне, бойына қарамастан, ұстазын ілім иесі деп қабылдап, оның алдында мейлінше ізеттілік танытқаны дұрыс. Ұстаздың алдында дауыс көтермеу, оған қарсы сөйлеп, оғаш қылық танытпау, жинақы отыру – адамның парасаттылығының көрінісі.

3. Науқастың дәрігерді тыңдап, айтқандарын бұлжытпай орындағаны секілді, шәкірт те ұстазын тыңдап, берген тапсырмаларына жауапкершілікпен қарағаны жөн.

4. Ілімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірт тиянақты ғылымға қол жеткізе алмайтынын ұмытпауы керек.

5. Оқушы ұстазының сөзін бөлмеуге, сұрақты ол сөйлеп болған соң ғана өзінің рұқсатымен қоюға тырысуы керек.

6. Сахаба Әли (р.а): «Білімді қаламдарыңмен бекітіңдер», - деген. Яғни естіген есті дүниені түртіп отыру – аса маңызды.

7. Ұстазды сыртынан жамандап мазақтау, оның кейбір қылықтарын келеке етіп күлу – ілім иесіне деген құрметсіздікті білдіреді.

Міне, мұның барлығы – ғылым иесіне, үлкенге деген құрметтің айрықша үлгілері. Өзгелерді сыйлап, оның еңбегін бағалай алған адам ғана өз ортасынан сый көріп, жетістікке қол жеткізетінін ұмытпауымыз керек.

материал Имам Ғазалидің «Көркем мінез» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: