04
Сейсенбі,
Ақпан

һижри

Ислам тарихындағы алғашқы шілдехана

Ислам тарихындағы алғашқы шілдехана

Ислам тарихы

Зүбәйр ибн Аууаммен некелескен хазірет Әбу Бәкірдің (р.а) қызы хазірет Әсма ұлы Абдуллаһқа жүкті болатын.

Хижрет туралы бұйрық келген соң айы-күні жетіп отырғанына қарамастан ол да жолға шығып, шамамен бес жүз шақырымдық жолды жүріп өтіп, Құбаға дейін келеді. Мәдинаға жақындап қалғанда толғағы басталып, сол жерге тоқтауға мәжбүр болады. Көп өтпестен хазірет Әсма маңдайынан нұр шашқан, езуінен күн күлген, шекесі торсықтай ұл баланы дүниеге әкеледі.

Олар қатты толқиды, өйткені бұл Мәдинаға келген күндерінен осы кезге дейін мұхажирлардың алғаш дүниеге келген баласы болатын.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұған қатты қуанды. Кішкентай сәбиді құшағына алып, атын Абдуллаһ деп қойды. Сосын қасындағылардан бір құрма әкелуді сұрады.
Құрманы алып, аузына салып шайнағаннан кейін сәбиге дәм татырды. Абдуллаһ ибн Зүбәйрдің алғашқы дәмі осы құрма болды. Артынша сәбиге береке мен тыныштық тілеп, дұға етті. Бұл Ислам тарихындағы алғашқы шілдехана болатын (Ибн Хиббан, Сикат, 3\212 (707).

материал «Сахих хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: