Шамасы жеткен адамды үйленуге үндейтін бірнеше аяттар мен хадистер бар. Солардың кейбірін келтіріп өтелік.
Бірінші: Құраннан Алла Тағала қасиетті Құранда: «Іштеріңдегі бойдақтарды, сондай-ақ қолдарыңдағы құл, күңдердің дұрыстарын үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса да, Алла өз кеңшілігімен оларды байытады. Алла, аса кеңшілік иесі, толық білуші» («Нұр» сүресі 32-аят) деп бұйрып айтқан.
Басқа бір аятта: «Қашан әйелдерді талақ қылсаңдар, ғыддаты бітсе, өз ерімен ризаласып үйленуін тоспаңдар (немесе өзара ризаласқан біреумен үйленуін тоспаңдар). Бұл сендерден Аллаға, ақырет күніне иман келтіргендерге берілген насихат» («Бақара» сүресі, 232-аят), деу арқылы үленуден тыймауға үндейді.
Келесі аятта: «Расында сенен бұрын да пайғамбарлар жібергенбіз. Оларға да жұбайлар, ұрпақтар бергенбіз» («Рағд» сүресі 38-аят), деп елшілердің сипатында үйлену деген ұғымның болғанын айтып, некелесудің абзал іс екенін бізге баяндауда.
Екінші: Хадистен. Алла елшісі (с.ғ.с) «Уа, жастар қауымы! Сендердің араларыңда үйленуге шамасы жететіндер болса үйленсін! Өйткені ол зинадан сақтану жолы. Ал шамасы жетпегендер ораза ұстасын! Өйткені ол – қалқан», деу арқылы үйленудің жеке адамға және қоғамға пайда екенін аңғартуда. Басқа бір хадисте «Бірақ, мен ораза ұстаймын және ауызымды ашамын. Намаз оқимын және демаламын, үйленемін. Ал енді кім менің жолымнан бас тартса, менен емес», деу арқылы үйлену өзінің жолы екенін көрсетуде.
Келесі бір хадсите «Кімді-кім үйленуге шамасы келе тұра үйленбесе – бізден емес», яғни кемел мұсылман емес деп шамасы жеткен адамды үйленуге үндеуде. Мына бір хадисте үйленудің ризық алып келетіні жайлы айтылған: «Әйелдерге үйленіңдер! Расында олар өздерімен бірге сендерге ризық алып келеді».
Үшінші: Сахабалардың сөздерінен. Ибн Аббас (Алла одан разы болсын): «Құлшылық жасаушының құлшылығы үйленбейінше толық болмайды» деген. Яғни үйленбеген адамның шахуаты басым болғандықтан құлшылыққа жүрегі толық берілмейді. Жүрек тынышталғанда ғана мұсылман құлшылыққа толық беріледі.
Фақиһтардың төресі сахаба ибн Масғуд: “Алланың құзырына бойдақ күйімде бармас үшін, егер менің өмірім бітуіне он күн қалса да, сөзсіз үйленетін едім”,- деген.
материал «Тоқал алма, әйел ал» кітабынан алынды,
ummet.kz