«Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Және сондай ораза күш келетіндер (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. (Мұндай ораза ауыр келетін кәрі, ауру не аяғы ауыр, омырауда баласы болған әйелдер оразаның орнына күніне бір пітір садақасын беруіне болады). Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы» делінген «Бақара» сүресінің 184-аятында.
«Фәтәуаи Һиндия» кітабында былай делінген: «Аяғы ауыр және бала емізетін әйелдер өзіне немесе баласына зиян жетуден қорықса, оразасын ашады. Оның қазасын кейін (мүмкіндік болғанда) өтейді. Оразасын ашқаны үшін кәфарат төлемейді. «Хуласа» кітабында да осылай айтылған.
Әнас ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) жеткен келесі хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Расында Алла Тағала сапардағы адамның ораза мен намаздың жартысын орындауға (намазды қысқартып оқуға, оразада ауыз ашуға рұқсат берді), аяғы ауыр және бала емізетін әйелдерге де оразаны міндеттемеді (оразада ауыз ашуға рұқсат берді)» (Ахмад, Әбу Дәуіт, Термизи, Нәсаи, Ибн Мажә).
Ораза ұстауға шамасы келмейтін кәрі ер мен әйелге ораза ұстамауға және оны өтемеуге рұқсат етілді, бірақ ұстамаған оразаның әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандыруға (підия беруге) бұйырылды.
Оразаның көптеген ауруларға қарсы пайдалы екені анықталған. Хадис шәрифте: «Барлық нәрсенің бір зекеті бар. Дененің зекеті – ораза» делінген. (Бәйһақи)
Зекет берген адам мал-мүлкін кірден тазалап, қауіптерден қорғаған болады, дәл осылай ораза ұстаған адам да денесін аурулардан қорғайды. Бір хадис шәрифте: «Денсаулыққа қол жеткізу үшін ораза ұстаңдар!» делінеді. (Табарани)
Оразаға бөгет болатын аурулар өте аз. Салих бір дәрігерден сұрамастан, сондай дәрігер «Сенің ораза ұстамауың керек» деп айтпағанша немесе ораза зиянын тигізетінін өз тәжірибесімен байқамағанша оразаны қазаға қалдырмау керек! Салих болмаған дәрігердің сөзімен әрекет етуге болмайды. Дәрі қолданатын науқастар да дәрігердің кеңесіне сай қылып, дәрілердің дозасын сәре және ауызашар уақыттарына сәйкестендіріп, оразаларын ұстай алады.
Аяғы ауыр және бала емізетін әйел ораза ұстай алса, онда ораза ұстағаны дұрыс. Алла Тағала: «Біле білсеңдер, ораза ұстағандарың өздеріңе жақсы», – деді («Бақара» сүресі, 184-аят).
Сондықтан аяғы ауыр немесе бала емізетін әйелдер шамасы келсе, оразаны кейінге қалдырмай өз уақытында ұстағаны дұрыс. Алайда ораза тұту өзіне немесе баласына зиян тигізсе, сондай-ақ оны сенімді әрі білікті дәрігерлер мақұлдаса, онда оразасын тоқтата тұруға шариғат рұқсат береді.
материал «Ораза энциклопедиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz