«Кімде-кім жалған сөйлегенін қоймаса, көзбояушылық істерінен арылмаса, Алла Тағала ондай адамның шөлдегені мен аш қалғанына мұқтаж емес».
Хақ елші құрметтеген айларға да құрметіміз жоғары болса, Алланың алдындағы дәрежеміз де соған сай болмақ. Оразаның мұсылмандарға парыз болу хикметі жайында Бұхариден жеткен осы хадис оразаның мән-мағынасы тереңде екенін байқатады.
Бұл хадистен ұғатынымыз Аллаға шын иман келтіріп, мойынсұнған момын жан үшін ораза дегеніміз тек қана тәннің оразасы болмауы керек. Бұл – күнәға түсер көздің, ғайбатқа икем тілдің, өсек, қаңқу сөз бен жалаға жақын құлақтың, бүкіл он екі мүшеміздің оразасы болса керек. Мүміннің бойында болуға тиісті емес әрекеттерінен тыйылмаған адамның оразасы жөнінде ардақты Елші (с.ғ.с.): «Оның оразасынан аштықтан өзге ешнәрсе бұйырмауы мүмкін», – деп сипаттайды.
Қасиетті Құран кәрімнің «Хужурат» сүресінің 10-12 аяттарында айтылғандай, Алла Тағала бір қауым екінші бір қауымды мазақ етуден, лақап атпен атау және көп күмәнданудан тыйылу туралы бұйырады. Себебі, көп күмәннің бірі нағыз күнә болуын мүмкін екенін ескертеді Раббымыз. Ақырет күніне дейін ешбір құндылығы жойылмайтын Құран бұйрықтары бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі азаматтары үшін де маңызды. Зайырлы қоғамдағы демократиялы ел шаңырағында әртүрлі ұлттар мен ұлыстар, өзге де дін өкілдерінің өмір сүруі – өмір заңдылығы. Анығында, сабырдың ең төменгі шегіне жеткен мұсылманның өзі өзгеге пайдасы тимесе де, зиян етпеуі шарт.
Бұл айдағы Алланың сансыз сауаптарынан үмітті адам сабыр мен төзімділіктің үлгісі бола білуі тиіс. Тіптен, ораза кезінде айыптап, сөге сөйлеген кісінің өзіне де шыдамдылық танытып, пайғамбар (с.ғ.с.) өсиетінде айтылғандай «Мен – оразамын» деп жауап беруі шарт. Пайғамбар (с.ғ.с.) бұйырған осы сөздің өзі көп адамға ескерту болары анық.
Ілгеріде өткен ізгі мұсылмандар Рамазанның қуаты мен шуағына шомылып, оразадан кейінгі алты айда Алланың нығметіне деген қуаныштан айыға алмайтын, ендігі алты айы қалғанда «Раббым, бізді Рамазанмен қауыштыра көр» деп асыға күтетін болған. Себебі, бұл айда жасалар құлшылықтар, ғибадаттар мен ізгі амалдардың сауабы мың айға татырлық қасиетті қадір түні бар. Сансыз сауаптардың есігі айқара ашылып, шайтандар шынжырланып байланатын мүбәрак айдың күндерін алаңсыз, түндерін қаперсіз өткізуден сақ болайық...
материал «Мүбәрак Рамазан» кітабынан алынды,
ummet.kz