Біліп қой: надандық дерті төрт түрге бөлінеді. Олардың үшеуі емделмейді, тек біреуі ғана емдеуге жарамды.
Біріншісі: Сұрақ немесе қарсылық қызғаныштан туындайды. Қызғаныш – емі жоқ дерт. Егер сен оған әдемілеп, түсіндіріп жауап берген сайын, ол қызғанышын одан сайын арттырып, өзіне тәкәппарлықты күшейте түседі. Мұндай жағдайда оған жауап қайтаруға уақыт жұмсамау керек. Ақынның бұл сөзі қандай орынды: «Барлық дұшпандықты жоюға үміт бар, Бірақ қызғаныштан туған дұшпандық ешқашан жоғалмайды».
Бұл жағдайда ең дұрыс амал – оны өз дертімен қалдырып, Алла Тағаланың: «Бізді еске алудан бас тартып, тек дүние тіршілігін ғана қалағандарға көңіл бөлме» («Нәжім» сүресі, 29-аят) – деген сөзіне сай әрекет ету. Егер сен қызғаншаққа жауап беріп, оны емдеуге тырыссаң, тек оның қызғаныш отын лаулатып, амалдарыңды жойып алуың мүмкін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) (хадисінде айтылғандай: «Қызғаныш – оттың отынды жегеніндей, сауаптарды жояды».
Екіншісі: Дерт ақымақтықтан туындайды. Бұл да – емделмейтін дерт, Иса пайғамбардың (ғ.с.) сөзіне сәйкес: «Мен өлілерді тірілте алдым, бірақ ақымақты түзете алмадым». Мұндай адамдар ғылымды екі-үш күн үйреніп, ақылға негізделген білімнің негізін түсінбестен, бүкіл өмірін ғылымға арнаған ғалымдарды сынай бастайды. Өзінің кемшілігін де, ғалымның дәрежесін де бағалай алмайды. Бұл – оның ақымақтығы мен түсінбеушілігінен. Мұндай адамға жауап қайтаруға да уақыт жұмсамаған жөн.
Үшіншісі: Сұраушы ақиқат іздеуші болғанымен, оның түсінік деңгейі төмен. Ол ұлы ғұламалардың терең сөздерін түсінуге қабілетсіз. Бірақ өзін бұл деңгейден төмен санап, түсінігі жетпейтін күрделі сұрақтар қояды. Мұндай адамға да жауап берудің қажеті жоқ. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Біз, пайғамбарлар қауымы, адамдарға ақыл деңгейіне сай сөйлесуге бұйырылдық,» – деген.
Төртіншісі: Сұраушы ақыл-есі дұрыс, ақылды, өткір ойлы және шынайы ізденуші. Ол ашу, нәпсіқұмарлық, қызғаныш, дүние мен атақ-абыройға құмарлықтан ада. Ақиқатты шын жүректен іздеп, қырсықтықсыз сұрақ қояды. Мұндай адамды емдеу мүмкін, оған жауап беру міндетті әрі дұрыс».
материал «101 даналық» кітабынан алынды,
ummet.kz