Меню

20
Бейсенбі,
Наурыз
20
Рамазан
1446 һижри

Иғтикафтағы адамның мешіттен шығу жағдайлары

Иғтикафтағы адамның мешіттен шығу жағдайлары

Ислам тарихы

Иғтикаф жасаудағы мақсат – соңғы он күннің жəне Қадір түннің сауабы мен артықшылығына бөлену мақсатында Алланың мешіттерінің бірінде Оған құлшылық қылу үшін, дүниенің шаруаларынан толыққанды босау. Сол үшін, иғтикафтағы адам əртүрлі ғибадаттармен; Құран оқумен, намаздарда ұзақ тұрумен, Алланы зікір етіп, Оған жалбарынып дұға қылумен көбірек шұғылданып, дүниенің əңгімесінен жəне пайдасы жоқ көп істер мен əңгімелерден алыстау қажет.

Иғтикафтағы адамның мешіттен шығуына келсек; егер ол адам мешіттен тек денесінің кейбір бөлігін ғана шығаратын болса, онда ол рұқсат. Бұның дəлелі Айша анамыздың (Алла одан разы болсын) хадисінде келген. Айша анамыз айтады: «Алла елшісі (Алланың оған мақтауы мен сəлемі болсын) иғтикафта кезінде мешіттен басын шығаратын еді, мен оның басын жуып беретін едім».

Басқа бір хадисте: «Алла елшісі (Алланың оған мақтауы мен сəлемі болсын) иғтикафта кезінде мешіттен басын шығартып, Айша анамызға шашын таратқызғандығы келген». Ал, егер иғтикафтағы адам мешіттен толығымен шығатын болса, онда ол үш түрлі жағдайдың бірінде болады: 

Бірінші жағдай: Үлкен-кіші дəрет сындыру немесе уəжіп болған дəрет пен ғұсылды алу немесе ораза уақытынан тыс кезде тамақ пен су ішу сияқты шариғат пен табиғи болмыс құптаған істер үшін шығу. Осы сынды заттар үшін шығу – рұқсат. Ал егер айтылған заттарға мешіттің ішінде де қол жеткіге мүмкіндік болса, онда мешіттен шығу рұқсат емес. Мəселен, мешіттің ішінде де дəретханалар болуы мүмкін, не болмаса тамақ пен суды мешіттің ішіне кіргізіп беретін адамдар болуы мүмкін. Осы жағдайда ешбір қажеттілік болмаған себепті мешіттен шығуға болмайды.

Екінші жағдай: Ауруды зиярат ету, (шариғи сабақтарға бару), жаназаға қатысу жəне т.б сияқты Аллаға жақындататын ізгі амалдарды жасау үшін шығу. Бұл жағдайда мешіттен шықпаған дұрыс. Егер тек иғтикафқа кірердің алдында осы сынды заттарға шығуды шарт еткен болса, онда шыға берсе болады.

Үшінші жағдай: Сауда-саттық жасау, жұбайымен жақындасу сынды иғтикафқа толығымен, түп-тамырымен қарсы келетін істерге бола шығу. Бұл жағдайда иғтикафқа кірмес бұрын шарт етсе де, етпесе де, мүлде шығуға болмайды. Өйткені, бұл іс – иғтикафқа кірудегі адамның мақсатына түбегейлі қарама-қайшы келеді.

материал «Рамазан оразасы» кітабынан алынды,

ummet.kz