Ол барлық шаруаны жайғастырады, ендеше несіне уайымдайсың?! Аллаға деген сеніміңе арқа сүйе.
Саған келген аурудың шипасы Оның құзырында. Қабырғаңды қайыстырған қарыздың өтемі Оның құзырында. Жаныңды ауыртқан уайымның шешімі Оның құзырында. Әрқашан Оның есігін панала! Тіпті, адамдардың жомарты басқа адамдардың қажеттілігін өтеп жатады. Ендеше жомарттардың Жомарты болған Алланың құлының қажеттілігін өтейтініне сенбейсің бе?
Егер көп күнә болмағанда, көп тәубе де болмас еді. Алланың рахметінің алдында күнәңді үлкен көрме. Оның жазасының алдында да күнәңді кіші санама. Үміт пен қорқыныштың арасында бол. Алланың мейірімділігінен үміт ет. Ал оның азабынан қорық!
Күнәң себепті ұялып, Аллаға тәубе етпей қойма. Алла өзін Ғафур деп атағандай Аса Кешірімді. Егер күніне мың рет күнә жасасаң, Аллаға мың рет тәубе ет!
Алладан басқа ешкімі жоқ адамдардың саған қарсы дұғасынан сақ бол: жалақысын жеген кедей жұмысшыңның, қорланған әлсіз әйелдің, еншісін тартып алған ағайыныңның, жерін басып алған көршіңнің…
Бәлкім, сен түнде еш уайымсыз ұйықтап жатқанда сенде ақысы қалған кісі ұйқыдан тұрып, дәрет алып, Нұх пайғамбардың дұғасын оқып, Ұлы Раббысынан жәрдем тілер. фАл Алла Тағаланың зұлымдық көрген құлының дұғасын қабыл алып, періштелеріне оған қолдау көрсетуді бұйырғаны бәрімізге де аян.
материал Аслан Орақбайдың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz