Қадір түні Рамазан айының ішіндегі, Құран кәрімде мадақталған ең қадірлі түн болып табылады. Рамазан айы – Құран түскен ай.
Оразаның қадірі қасиетті Қадір түні болса, Қадір түнінің қадірі – ол қасиетті Құран. Қадір түні Рамазан айының ең құнды, ең қасиетті түні. Қадір түні тек осы үмбетке тиесілі. Басқа пайғамбарларға мұндай ізгілікті түн берілмеді. Хадис шәрифте: «Алла Тағала Қадір түнін үмбетіме сыйлады, басқа үмбетке бермеді» делінген (Дәйләми).
Алла Тағала барша қадірін сыйдырып қойған осы түн, мұсылмандар үшін қасиетін ешқашан жоғалтпақ емес. Сол себепті де ғұлама ғалымдар, рамазанның соңғы тақ он күнін толықтай ғибадатпен өткізуге тырысқан. Қадір түнінің қай түн екендігі нақты белгісіз болуы əр күнін оразамен өткізген мұсылманның əр түнін де құлшылықпен өткізу керектігіне ишара болса керек. Алла Тағала адамзатқа өлімнің қашан келетінін, қиямет күнінің қашан келетінін жасырып қойған. Сол секілді қасиетті жұма күнінде дұға қабыл болатын сəт жасырылған. Сондықтан мұсылманның жұма күнінің барлық сəтін дұғамен өткізуі тиіс.
Демек, мейірім айының əр күнін оразамен өткізген жан əр түнін де құлшылықпен өткізгені абзал. Сондай-ақ, дұға етсе қабыл болатын Алланың көркем есімінің бірі, Алланың ашуын тудыратын күнәлі іс, керісінше Алланың рақымына бөлететін қайырлы амалдар да жасырулы. Осылармен қатар қасиетті Рамазан айында қасиетті Қадір түнінің жасырылуынан да адамзат үшін пайда барлығын көреміз. Сол түнді іздеп әр түнін құлшылықпен өткізген жанның сауабы шексіз болар. Дегенмен, ғұлама ғалымдар Құран мен Алла елшісінен (с.ғ.с) жеткен хадистерге сүйене отырып, біздің күнтізбе бойынша қай күнге тура келетінін есептеп, рамазан айының 27-ші түні Қадір түні деп бекіткен.
Әбу Хурайрадан (р.а.) ол: «Алла елшісі (с.ғ.с): «Кім Қадір түнін иманмен және сауап алу үмітінде құлшылық етіп өткізсе, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», - деп айтты», - деген (Бұхари).
материал «Мүбәрак Рамазан» кітабынан алынды,
ummet.kz