24
Сенбі,
Мамыр

һижри

Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік

Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік

Ислам тарихы

Ғабит Мүсірепов «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген.

Кітап оқу адамның сөйлеу мәнерін, ойлауын, жазу қабілетін дамытады. Адамның сөздік қоры көбейіп, ішіндегі эмоциясы мен сезімін толық әрі түсінікті етіп жеткізетін болады. Логикалық жағын дамытып миды жас қалпында сақтап отыруын айтпағанда. Себебі кітап оқу мидың жұмысын жақсартады ал, әрдайым жұмыс халіндегі ми логикалық шешімдерді тез әрі оңай шешеді.

Әйгілі хадис ғалымы имам әт-Табарани (Алла оған рақым етсін) хәл үстінде жатып өзінің хадис жинағын кеудесіне басып: «Мына кітап менің рухым, бүкіл ғұмырымды осы кітапқа арнадым», – деген екен.

Ол кісі 97 жасында дүниеден өткен. Оның пайдаларына келер болсақ, әрине кітап оқитын мен оқымайтын бір дәрежеде болмайды. Құран кәрімде: «Білетіндер мен білмейтіндердің терезесі тең бе?», – делінген. Алайда, тек оқып қою жеткіліксіз. Оқығанды орынды жерде қолдана білу керек. Оқыған ақпараттарды анализ жасай отырып, ойлау мәдениетін қалыптастыру керек. Мысалы адам көп оқыған болуы мүмкін. Бірақ оқыған нәрсесінен сұрақ қойсаң, жөнді жауап ала алмайсың. Оның себебі ол жүйесіз немесе әр жерден теріп-теріп оқыған. Әрине олай оқу пайда емес зиян әкеледі. Әдетте олай аз уақытта көп нәрсе оқып қалғысы келетіндер жасайды.

Имам Абдулхай Ләкнәуи (Алла оған рақым етсін): «Мен үшін кітаптарды оқып, ішінен пайда алу – дүние мен оның ішіндегі барлық нәрседен де қайырлы», – деген. Ислам тарихына назар салатын болсақ, пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мирас болып қалған ілімді келер ұрпаққа жеткізу үшін ислам ғұламалары ерен еңбек етті. Олар діннің аманаты – ілімді тарату жолында малын да жанын да құрбан етті. Мыңдаған кітаптар жазылды.

Асығыстықпен оқылған ақпарат дәл сондай жылдамдықпен ұмытылады. Зиянды оқуға қатысты И.Поварнин өзінің кітабында мына нәрселерді қосады: жалған оқымыстылық, жүйесіз түсінікпен оқымау. Осылай кітап оқыған адамдардың миында бір-бірімен байланысы жоқ әр жерден оқып алған қорытылмаған ақпараттар болады. Олармен сөйлесе қалсаң таңғажайып нәрселер ести бастайсың делінген. Сондықтан аз білсеңізде сенімді әрі жұмыс істейтін ақпаратпен сусынданғаныңыз жөн. 

материал «Не үшін оқу?» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: