Шынай өмір – ақыреттегі өмір:
«Бұл дүние тіршілігі – тек ойын-ермек, өткінші нəрсе. Нағыз өмір – ақыретте. Шіркін, олар осыны білер ме еді» (Ғанкабуд: 64).
Кім бұл дəрежеге жетсе, əрине Алла тағаланың сұлулығын сүйеді, ажалдан қорықпайды. Бірақ Аллаға деген танымның артуын қалағандықтан, ажалдың асықпай келгенін қалайды. (Ондай адам үшін) Алланы тану махаббаты жиегі жоқ мұхитқа айналады. Алла тағаланың сипаттары, хикметі мен сырлары туралы білім артқан сайын ақыреттегі нығметтердің саны да молая түседі. Мысалы, өсімдіктің ұрығы қаншалықты көп болса, соншалықты өсімдіктің де шығуына мүмкіндік бар. Бірақ мұндағы дəнек жүрекке егіледі де, оның жемісі ақыретте жиналады. Сол себепті Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Бақыттың абзалы – Аллаға бойсұнып өткізілген ұзақ өмір», – деп айтқан (Ибраһим əл-Һарбидің риуаяты).
Əбу Бəкірден келтірген имам Тирмизидің риуаятында: «Бір кісі: Уа Алланың елшісі! Адамдардың ең абзалы кім? – деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Өмірі ұзақ, амалы жақсы болған адам», – деп жауап береді». Себебі таным дегеніміз – ұзақ өмір, үздіксіз көру жəне дүние əурешілігінен шектелумен кемелденеді, молаяды, байиды. Ол үшін өмірдің ұзақ болуы тиіс.
Алланы тану мəртебесінің жоғарысына жеткен адам ажалдан қорықпайды. Ал ұзақ өмірдің арқасында Алланы көбірек танығысы келген адам, керісінше өлімнің асықпай келгенін қалайды. Алайда, кейбір адамдардың көздері дүние шауһаттарымен толып қетеді. Егер өмірі шаттық пен думанға толы болса, өмірдің ұзақ болғанын қалап, ал жоқшылық пен таршылықта өмір сүрсе, өлім тілейді. Бұлай ойлайтын адамдардың барлығы бақытсыз. Себебі олар надан жəне барлығына немқұрайды болғандықтан, осылай ойлайды.
Немқұрайдылық пен надандықтың жемісі – бақытсыздық. Ал білім мен таным болса, бақытқа жету себептері болып табылады. Жоғарыда айтылған махаббат дегеніміз ғашықтық мағынасындағы жоғарғы махаббат. Таным жəне көру деп біз парасаттылық пен кемелдік дəрежесіндегі көруді айтамыз. Басқаша айтқанда, енді сен Алла Тағаланың сұлулығына бөленудің үлкен нығмет жəне лəззат екенін білдің. Мұнан соң сенде мынадай сұрақ туындауы мүмкін: – Ақыретте Алланы көзбен көре ме əлде жүрекпен бе?
Адамдар бұған қатысты түрлі пікір айтқан. Бірақ көру қабілеті бар адамдар бұл мəселеге көңіл бөлмейді. Өйткені ғашығының сұлулығын көруге ынтызар адам қандай жағдайда болса да оны көруді қалайды. Алланың құдіретінде шек жоқ. Демек, ақыретте Алланы көзбен де, жүрекпен де көру мүмкін болғаны. Бірақ ақыретте осы екі жағдайдың қайсысы болатыны аят-хадистер мен дəлелдерге сəйкес түсіндіріледі. Аһли сунна уəл-жамаға сенімі бойынша, ақыреттегі көру көзбен болады. Шариғатта (араб тіліндегі) «көру» жəне «қарау» сөздерінің сыртқы мағынасын түсіну мақұлданған. Ал сөздің сыртқы мағынасын өзгерту тек зəру жағдайларда ғана мүмкін. Алла білушірек.
материал «Аллаға махаббат» кітабынан алынды,
ummet.kz