Мына ескертуге мəн беріңіз:
«Алла қабыл алуды уəде еткен тəубе – жамандықты (бір сəтке нəпсіге еріп) білместікпен істегеннен кейін (оның күнə екенін білген бойда) дереу тəубе етіп, Аллаға бет бұрғандардың тəубесі. Міне, солардың тəубесін Алла міндетті түрде қабыл алады» («Ниса» сүресі, 17-аят).
Олай болса, тəубенің қабыл болуы үшін күнəнің «білместікпен» жасалуы жəне тез арада өкініп, пұшайман болуы шарт. Алайда намаз оқымайтын көп адам, біле тұра күнə жасайды əрі еш өкінбестен күн сайын сол күнəні қайталап жасайды. Егер күнəні біліп жасап, кейіннен шынайы ықыласпен тəубе қылса, сосын ешқашан қайталап жасамаса, Құдай қаласа кешіреді.
Иə, Раббымыздың көркем есімдерінің ішінде ең көп қайталанатыны – «аяушылық, мейірім, кешірім» мағынасындағы сипаттары. Мейірімінің азабын толықтай қамтитынын айтқан да бір Өзі. Сондай-ақ өзіне серік қосқаннан басқа барлық күнəні кешіретіндігін де айтқан.
Тіпті, бар өмірін күнəмен өткізсе де, кейін шынайы ық ыласпен тəубе жасағаны үшін кешіріміне бөлеп жəне жəннатқа кіргізетін пенделері бар. Бірақ бар өмірін жақсылықпен өткізсе де дандайсып, құлшылығына мақтанып, жолдан тайып тозаққа кеткендер де болады. Бейқамдықпен күнə жасап, кейін ақыл-есін жиған адам «мен не істеп қойдым, мына жасаған күнəм неткен ауыр» деп уайымдап, пұшайман болып кешірілуі үшін шынайы ықыласпен жалынса, Жаратқан Иеміз кешіруі мүмкін.
Мына сөзімізге мəн беріңіз: «Кешіруі мүмкін» деп отырмыз. Неге? Өйткені Алла Тағаланың кешірімі ешкімнің еншісінде емес. Ешбір адам Оған қатысты үкім жайында қорытынды айта алмайды, Оған сөзі жүрмейді. Біз тек үміт етеміз. Ең үлкен күнəлардың бірі – «Алла мені азаптамайды» деген түсінік немесе «мен бəрібір жəннатқа кірем» деген ойда болу.
Иə, «Алла мені кешірмейді», «Алла мені жəннатына кіргізбейді», «Мен міндетті түрде тозақтықпын» деген түсінік те қате. Өйткені Алла Тағаланың мейірімі, кешірімі, жарылқауы, əділеті ешкімнің қолында емес. Раббымыз əрдайым барлық шешімінде тəуелсіз жəне қалағанын жасайтын, одан ешкім есеп ала алмайды. Сондықтан тіпті күнə жасамас бұрын «Алла кешіреді» деп ойлау – шынайылықтан алыс. Күнəға кейін шынайы ықыласпен тəубе қылсақ та нəтижесі қалай болатынын біле алмаймыз. «Кешірілдік» деуіміз де, «кешірілмедік» деуіміз де, негізі, дұрыс емес. Өмір бойы Алла Тағаладан кешірім тілеп, азабынан қорқуымыз керек.
материал «Таң намазына тұрғың келсе...» кітабынан алынды,
ummet.kz