Тəтті ұйқыда жатырсыз. Дəл қорылдап ұйықтап жатқан уақытта сағат шырылдап сізді намазға оятуда. Көрпенің іші жып-жылы. Ал көрпенің сырты қандай десеңізші? Қыста суық екені айтпаса да түсінікті.
Жазда болса таңғы салқын бар. Ұйқыны бөліп, жылы төсектен тұрып, сумен дəрет алып, намазға жүгіру оңай дейсіз бе? Міне, дəл осылай нəпсіңізбен тұрып-тұрмау жайлы күресіп жатқан кезде Жəннаттың бақшаларын немесе тозақтың сол ащы азаптарын есіңізге алыңыз. Егер барлық ауыртпалықтарды елеместен жылы төсегіңізден тұрып таң намазына жүгіретін болсаңыз, сізге 500 жылдық жəннат сыйға беріледі. Бұл не деген сөз білесіз ба? Сізге берілген жəннаттың бір шетінен келесі шетіне қарай жүрсеңіз, 500 жыл өтеді. Міне осындай кең көлемде бақыт мекені болған жəннат сізге беріледі.
Сондай-ақ Пайғамбарымыздың айтқанындай, жəннатта сондай керемет нығметтер бар: «Көз көрмеген, құлақ естімеген, адам баласының ақылына келмеген» жансүйерлік лəззат тұрғысынан не қаласаңыз, бəрі бар. Көздің жауын алатын алуан түрлі гүлдер, бір-бірінен əсем құстар, астынан өзендер сарқырап аққан зəулім сарайлар – барлығы сіз үшін əзірленген. Дүниеде бес тиын табу үшін ыстық-суығына, ауыр-жеңіліне қарамай жанталасатын жан үшін кішкентай ауыртпалықтарға шыдамай, мəңгі бақыт мекені болған жəннаттан қол үзгеннен асқан жаман жағдай бола ма? Тіпті намазға тұрмағанды қойып, еріншектеп əрең қозғалып тұрудың өзі дұрыс емес.
Міне, осыған қатысты Құран аяты: «Расында, екіжүзділер (сырттай мұсылман болып көрініп) өздерінше Алланы алдаймыз деп ойлайды, алайда Алла олардың (сазайын бірден бермей, ақыретте оңдырмай жазалау арқылы) өздерін алдап соғады. Олар намазға тұрғанда кежегесі кейін тартып, еріншектеп əрең тұрады, һəм құлшылықты мүміндерге көз қылып жасайды. Сондай-ақ Алланы өте аз еске алады» («Ниса» сүресі, 142-аят).
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) болса, құптан мен таң намаздарының мұнафықтарға (екіжүзділер) өте ауыр келетіндігін айтады. Сізде мұнафықтың белгісі болуын қалайсыз ба? Бұған бар болмысыңызбен қарсы тұратын шығарсыз. Олай болса намазға жалқауланбай, шын пейілмен тұрыңыз. Егер расында да көрпе сыртындағы салқындық сізді намазға тұрарда біраз қинаса, бұған бір амал табыңыз. Пеш немесе жылытқышты пайдаланып, намаз оқитын бөлмеңізді жылыту жолдарын іздеңіз. Суық сумен дəрет алу нəпсіңізге ауыр келсе, еш жалқауланбай суды ысытыңыз. Осылайша жүрегіңіз орнығып, көңілді əрі құлшыныспен дəрет алып, құлшылығыңызды жасаңыз.
Бірақ үнемі бөлмеңізді жылытып отыруға мүмкіндік болмауы мүмкін. Қонақта, сапарда, əскерде жып-жылы төсегіңізден тұрып, суық жерде намаз оқуыңызға тура келуі мүмкін. Өз үйіңізде болсаңыз да əрдайым барлық мүмкіндіктеріңіз бола бермеуі мүмкін. Осындай жағдайларда сізге жарасатыны – ешбір қиындыққа мойымай талпыныспен Алланың құзырына шығуыңыз.
Талай суық кездерде жылы төсегімді тастап намазға жүгірдім. Сондай суық суға дəрет алдым. Дір-дір етіп тоңдым. Барлық көрген қиындықтарыма маған мықты денсаулық жəне керемет өмір нəсіп еткен Раббым үшін шыдадым. Оның бізге берген нығметінің жанында түкке тұрғысыз.
материал «Дұға – құлшылық өзегі» кітабынан алынды,
ummet.kz