14
Сенбі,
Маусым

һижри

Пенделердің Раббыларына деген тәуелділігі мен мұқтаждығы

Пенделердің Раббыларына деген тәуелділігі мен мұқтаждығы

Ислам тарихы

Барлық адамдар дін және дүние істеріндегі мүдделері мен пайдаларына қол жеткізіп, зиян-зарарлардан сақтану үшін Алла Тағалаға шынайы тәуелділікте.

Алла Тағала: «Ей, адамдар! Сендер Аллаға мұқтажсыңдар, ал Алла, Ол – Бай әрі Мақтаулы», – деген. Бұл мәселені Әбу Зәррдің Пайғамбардан (с.а.с.) риуаят еткен қудси хадисі нақтылай түседі. Онда Пайғамбар (с.а.с.) Раббы Тағаланың:

«Уа, құлдарым! Мен Өзіме зұлымдықты харам еттім және сендердің араларыңда да харам еттім. Ендеше бір-бірлеріңе зұлымдық жасамаңдар.

Уа, құлдарым! Менің тура жолға салғандарымнан басқа, бәрің де адасушысыңдар. Сондықтан да Менен тура жол сұраңдар, туралыққа саламын.

Уа, құлдарым! Менің тамақтандырғандарымнан басқа, барлығың да ашсыңдар. Сондықтан да Менен тамақтандыруымды сұраңдар, тамақтандырамын.

Уа, құлдарым! Менің киіндіргендерімнен басқа барлығың да жалаңашсыңдар. Менен киім сұраңдар, киіндіремін.

Уа, құлдарым! Сендер күні-түні қателесесіңдер, ал Мен барлық күнәларды кешіремін. Сондықтан да Менен кешірім тілеңдер, сендерді кешіремін.

Уа, құлдарым! Сендер Маған еш зарар келтіре алмайсыңдар және еш пайда да келтіре алмайсыңдар.

Уа, құлдарым! Сендер алдыңғыларың мен соңғыларың болып, адамзатың мен жының болып араларыңдағы ең тақуа адамның жүрегіндей болсаңдар да, ол жайт Менің патшалығымды еш арттырмайды.

Уа, құлдарым! Сендер алдыңғыларың мен соңғыларың болып, адамзатың мен жының болып араларыңдағы ең бұзық адамның жүрегіндей болсаңдар да одан Менің патшалығым еш кемімейді.

Уа, құлдарым! Сендер алдыңғыларың мен соңғыларың болып, адамзатың мен жының болып бір жерге жиналып, қажеттеріңді сұрасаңдар, сосын Мен сендердің әрқайсысыңа сұрағандарыңды берсем де одан Менің жанымдағылар еш кемімейді. Бар болғаны теңізге батырып алған ине теңіз суын қалай азайтса, сондай ғана азайтқан болады.

Уа, құлдарым! Шын мәнінде Мен сендерге амалдарыңды санап беремін. Содан кейін соларыңа қарай уәдемді орындаймын. Сол кезде кім қайырлық тапса, Аллаға мадақ айтсын. Ал кім басқаша тапса, өзінен басқаны кінәламасын!» - деген сөзін жеткізген.

Бұл худси хадис барлық жаратылыстың дін және дүние істеріндегі мүдделері мен пайдаларына қол жеткізіп, зиянзарарлардан сақтанулары үшін Алла Тағалаға шынайы тәуелділікте екендігі айқын көрінеді. Сондай-ақ барлық пенделер сол істердің бәрінде өз беттерінше ешнәрсе де келтіре алмайды. кімде-кімге Алла туралық пен ризықты жазбаса, ол дүниеде олардан мақұрым қалады. Ал кімде-кімге Аллаһ күнәларын кешіруді жазбаса, онда оның қателіктері Ақыретінде қатты опық жегізеді (Жәмиъ әл-ъулум уә әл-хикәм, 2/ 37). 

материал «Дұға – құлшылық өзегі» кітабынан алынды,

ummet.kz 


Бөлісу: