Арафа күні – дұғалар көкке көтерілетін ең ұлық күндердің бірі. Бұл күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с) және ізгі құлдар айтып өткен дұға жүректерді тербетіп, рухтарды оятады. Сол дұға міне осылай басталады:
«Алладан басқа Тәңір жоқ! Оның ешбір серігі жоқ! Бүкіл билік те, мадақ та – Оған тән. Ол тірілтеді әрі өлтіреді. Өзі – Мәңгі Тірі, ешқашан өлмейді. Барлық жақсылық – Оның қолында, Ол – әр нәрсеге құдіретті!»
«Уа, Аллам! Жүрегіме нұр құй. Құлағымды нұрмен толтыр. Көзімді нұрлы ет. Тілімді нұрмен жарқыра! Уа, Раббым! Көкірегімді кеңейт, ісімді жеңілдет!» «Уа, Алла! Бар мақтау Саған ғана лайық! Біз айтқан мақтау аздық етсе де, Сен одан да артықсың! Намазым да, құрбандығым да, өмірім мен өлімім де – барлығы Саған арналған. Менің барар жерім – Сенсің. Үміт еткен сауабым – Сенің қолыңда.
Уа, Аллам! Көкірекке ұялар күмәннен, жүректі мазалар уайымнан, қабірдің азабынан Саған сыйынамын. Түнде келетін жамандықтан, күндіз жететін кесапаттан, жел арқылы жететін бүлік пен бәле-жаладан, тағдырдың тосын апаттарынан – тек Саған ғана сыйынамын!» Уа, Раббым! Өз-өзін мақтағандар көп шығар, бірақ мен – тек өз нәпсімді сөгіп, өз айыбымды мойындап келдім.
Уа, Раббым! Күнәларым тілімді үнсіз етті, жақсылыққа жол табар амал да жоқ менде. Жалғыз ғана үмітім – Сенің шексіз рақымың.
Уа, Раббым! Мен білемін – күнәларым мені Сенің алдыңда қадірсіз етті, кешірім сұрауға бет қалдырмады. Бірақ Сен – Жомарттардың ішіндегі ең Жомартсың! Уа, Раббым! Егер мен Сенің рақымыңды алуға лайық болмасам, Сенің рақымың – мені қамтуға лайық! Себебі рақымың әр нәрсені қамтиды, ал мен – сол жаратылыстардың бірімін. Уа, Раббым! Күнәларым таудай болса да, Сенің кешіріміңнің алдында олар – теңізге тамған тамшыдай ғана. Кешіре гөр мені, уа, Кәрим!
Уа, Раббым! Сен – Сенсің, мен – менмін. Мен – күнәға қайта-қайта оралатын әлсіз пендеңмін. Ал Сен – қайта-қайта кешіретін Мейірімді Тәңірсің! Уа, Раббым! Егер Сен тек қана Өзіңе шынайы бойсұнған құлдарыңа ғана рақым етсең — Онда күнәларға батқан бейшара пенделер кімге үміт артады?! Кімге жалбарынады?! Кімнен пана сұрайды?!
Уа, Раббым! Мен біле тұра бұрылып кеттім, бойсұнбай, біле тұра күнәға ұмтылдым. Сен бәрін көріп тұрсаң да — мені жазаламадың. Сен бәрін білсең де — маған мұрсат бердің. Сен – Пәксің! Шексіз сабырың қандай Ұлы! Кешірімің қандай Шексіз! Мен Сенің махаббатыңа лайық емеспін, Жақтап айтар сөзім де қалмады. Мен – Саған мұқтажбын, Ал Сен – менен еш нәрсеге мұқтаж емессің. Соған қарамастан, мені кешіре гөр, уа, Раббым…
Күнәларымыздың салмағынан шаршадық, тоздық, әлсіредік… Сол күнәлардан қашып, Сенің құзырыңа жүгіріп келдік. Харамнан бет бұрып, Сен үшін бәрінен бас тарттық. Уа, барлық мұқтаждың қажетін өтеуші Ұлы Жаратушы!
Уа, ештеңе айтпаса да — жүрек сырымен үн қататын үнсіз құлдардың сырын білуші Ием! Сенен жоғары ешбір Тәңір жоқ, Сенің алдыңда тосқауыл болар перде де жоқ. Саған жететін жол жабылмайды. Сенен басқа ешбір жан пана бола алмайды. Сен — сұрағанның қолын қайтармайсың, үміт артқан құлыңды үмітсіз қалдырмайсың. Қанша жерден мұқтаждар көп болса да — Сенің бір ісің екіншісіне кедергі болмайды. Себебі Сен — шексіз құдіреттің Иесісің!
Уа, Аллам! Әрбір келушіге — сыйлығың бар, әр зиярат етушіге — құрметің дайын, әр сұраушыға — нәсібің әзір, әр үміттенушіге — мейірімің мен сыйың мол.
материал «Арафа: Жүректер сөйлейтін күн» кітабынан алынды,
ummet.kz