Бір хадисте Бәни Исраилдік бір әйел баласын емізіп жатқанда, қасынан әсем безендірілген керуен өтіп бара жатқаны айтылады.
Әйел: «Уа, Алла! Менің баламды да солар сияқты бай қыл» деп дұға етеді. Мұны естіген бала кеудеден көтеріліп: «Уа, Алла! Мені оларға ұқсатпа!» деді. Осыдан кейін бала сүт ішуді жалғастырды. Біраз уақыттан кейін бір адамдар өздерімен күңді жетектеп өтті. Олар оған дөрекі және сыйламаушылықпен қарады. Мұны көрген ана дұға жасады: «Уа, Алла! Менің баламды мына құлға ұқсатпа!». Бала тағы да кеудеден көтеріліп: «Уа, Алла! Мені дәл сондай ет!» деді. Анасы: «Не айтып тұрсың?» деп сұрады. Ол былай деп жауап берді: «Бағанағы керуен бір залым басшылық етеді. Ал күң ұрлық пен азғындық жасады деп айыпталды, бірақ шын мәнінде оның еш кінәсі жоқ».
Сабақ: Мәселе мынада: адамдар керуен басшысын құрметтейтін, бірақ оның Алланың алдында ешбір абыройы болмаған. Ал күңді ешкім бағаламаған, бірақ оның Алланың алдындағы дәрежесі жоғары болатын. Сондықтан басқалар не ойласа да, Алланың разылығын алуға ұмтылу керек. Егер сіз Алланың алдында ешкім болмасаңыз, адамдардың сізді бағалап, құрметтеуінің қандай пайдасы бар? Қарап көріңіз! Сәбидің бұл күңнің ар-намысын қорғап сөйлеуі бір ғажап еді. Уа, нәзік жан! Сіздердің кейбіреуіңіз кедейлерді менсінбей, оларға жоғарыдан қарайсыз. Бірдеңе болған бойда ұрлық жасады деп айыптай бастайсыз. Бұл өте жаман. Бәлкім бұл кедейлер Алланың алдында сізден де жоғары шығар.
материал «Жәннаттың асылдары» кітабынан алынды,
ummet.kz