09
Сәрсенбі,
Шілде

һижри

Кісілердің мінеу сөзінен қалай құтыламыз?

Кісілердің мінеу сөзінен қалай құтыламыз?

Ислам тарихы

Білесің бе, бірде бір кісі имам Ахмад ибн Ханбалдан:

– Кісілердің мінеу сөзінен қалай құтыламыз? - деп сұрайды. Сонда Ахмад ибн Ханбал оған:

– Оларға қалағанын бересің де, қарымта ештеңе алмайсың. Саған зияны тисе де, кесіріңді тигізбейсің. Мұқтаждықтарын өтеп, өз қажетіңді сұрамайсың. Міне сонда ғана олардың әңгімесінен құтыласың, - деп жауап береді.

– Ойбай-ау, бұлай жасау қиын ғой! - деп әлгі кісі күңірене бергенде Ахмад ибн Ханбал:

– Сөйтсең ғана жаның тыныш болады! - деп жауап қайырады.

Жарқыным, байқайсың ба? Біз өзгелерден еш нәрсе дәметпейміз. Талап ететініміз, бар болғаны – өзгелердің біздің өмірімізге қол сұқпауы ғана.

Бірақ, бұндай ең қарапайым нәрселер де орындалмай жатады. Адамдар, тіпті, өз-өзіңмен оңаша қалуға да мұрсат бермейді. Неге екенін білесің бе?

Өйткені, олар өз өмірлерін сүрудің орнына біздің өмірді сүргісі келеді. Өздерін ұмытып, біздің тіршілігі мізге араласады. Мұрындарының өз беттерінде екенін ұмытып, біздің өмірімізге тығуға құмартады.

Олардың жеке кеңістігімізге кірігіп кеткені сондай, кейде сен «не істесем оларды разы қылам?», «қайтсем олардың сөзінен құтыламын?» деген ойларға тап боласың.

Жақыным-ау! Сен бәрібір олардың көңілінен шыға алмайсың!

Егер жұбайыңмен кеңесіп жүрсең, «сорлы, күйеуінің айтқанын істеп жүр» дейді. Кеңеспесең, «күйеуінің мойнына шығып алған» деп мінейді.

Көшеде аунап жатар маскүнем болсаң да, намазын қаза қылмайтын тақуа болсаң да, ондайлар саған ешқашан разы болмайды. Әйтеуір сыртыңнан бір сөз дайындап тұрады. Тіпті, бойыңнан кемшілік көрмесе, өздері бір олқылық ойлап тауып, жұртқа жаяды.

«Cондағы қауымының бар жауабы: «Луттың отбасын ауыл-аймақтарыңнан қуып шығыңдар. Өйткені олар – күнәдан пәк, өте әдепті жандар», - деу ғана болды» (Нәміл, 56). Лұт пайғамбар да қауымын туралыққа шақырып, дұрыс бағытқа бастағанда қауымының оған айтқан сөзі осы еді. Оның күнәсіз қасиетінің өзін «кінә» деп есептеп, жақсылығын бұрыс санаған.

Ал сен болсаң, әлі күнге дейін басқаларды разы қылудың жолын іздеп жүрсің.

Қадірлім-ау, ондайлардан құтыла алмайсың.

Оларды өз жайына қалдыр да, өз өміріңді өзің сүр!

материал  Аслан Орақбайдың «Сенің қамқор ағаң» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: