Жақыным, саған кім өзгелермен жарысып өмір сүр деді?! Өмір – ұлы сапар, бірақ жарысу емес. Өз өміріңнен ләззат ал, оны өзгелермен жарысатын ойын алаңы мен майданға айналдырма.
Өмірде рұқсат етілген жалғыз нәрсе – жақсылықта жарысу. Қалғанының бәрі – пайдасыз талас-тартыстар мен мақсатсыз жүгіру ғана. Өзгенің қолындағыға қызғана қарау улы жебе тәрізді, оларға тимей тұрып, өзіңнің жүрегіңді жаралайды. Сол үшін өзгенің жеңісіне өзіңдікіндей қуана біл, өз-өзіңе қол соғып жатқандай жеңгендерге де қол шапалақта, өзгенің келелі келісімін өзіңдікіндей көр, көршіңнің мансабына өзіңдікіндей қуан.
Ардақтым! Біз көбінесе жарыс деп атайтын нәрсе – көреалмаушылықтан басқа ештеңе емес. Бірақ біз өзіміз оған кірісіп кеткіміз келгендіктен «жарыс» деп атап аламыз. Есіңде болсын: көреалмаушылық – аспан әлемінде ең алғашқы жасалған күнә. Ібіліс Адамға сәжде етуден бас тартып, айтқан бар уәжі – «мен одан қайырлымын» деу ғана болды.
Сол сияқты, көреалмаушылық – жер бетінде де ең алғашқы жасалған күнә. Қабыл бауыры – Әбілді әйелінің сұлулығын көре алмай өлтірген еді.
Мен «жарысып жүрмін» деп айтудан бұрын өзіңде Ібіліс пен Қабылдағыдай қасиетсіздік болуынан сақтан. Өйткені адам ондай сөзді жақсылыққа өзі емес өзгенің жеткенін көріп, іштей өртенген кезінде айтады.
Жүрегіңе ие бол! Оны таза ұста, зікірмен тазала. Қандай нәрсеге көзің түссе де, Алланы еске ал.
Өзіңдікі болмаған қандай да бір жақсылыққа «Алла береке берсін!» деп айт.
Алланың өзіңе бергеніне шынайы разылық таныт.
Бірде құстардың арасынан сұңқарға шамасы жетіп қарсы шығатын қарға ғана екенін оқып қалдым.
Қарға сұңқардың үстіне шығып алып, басынан шұқып жатса да, сұңқар қарғаның ұшар деңгейіне түспейді де, онымен ұрысып та жатпайды.
Сұңқар қарғаны биікке көтеріп өрлей береді де, қарғаның екі өкпесі қысылып, дем алуға қиналғанда өзі қорқып қашып кетеді.
Осы дәрісті жақсылап есіңде сақта!
Оларды сені өздерінің деңгейіне түсіруге мүмкіндік берме!
Жоғары қарай өрлей бер де, өз-өзіңе сенімділігіңнен олардың жүрегі қысылып, тұншықсын. Ұрыста қолданатын жеңіске жетелейтін жалғыз тәсіл осы ғана.
материал Аслан Орақбайдың «Сенің қамқор ағаң» кітабынан алынды,
ummet.kz