Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде былай деген:
«Жан алқымға келгенше пенденің тәубесі қабыл болады». Имам Мүжахид (оған Алланың рақымы болсын) «Ал өмір бойы жамандық жасап, өздеріне өлім келген кезде: “Енді шынайы тәубе қылдым” дегендердің тәубесі қабыл емес. Міне солар үшін күйзелтуші азап әзірледік» - деген "Ниса" сүресінің 18 аятын тәпсірлей келе былай деген: «Яғни, ажал періштесі анық әрі айқын көрінгенше». Міне сондықтан да Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаға былай деп жалбарынған: «Аллаһым! Мұхаммедке ажалдың азабын жеңілдете гөр!»
Ал адамдар бұл мәселеде Алладан жәрдем сұрамайды, себебі ажал мен өлім аузындағы арпалысты жете танымайды. Бұл олардың надандықтары себепті. Ажал келгенше оны пайғамбарлар мен ізгі жандардың ілім нұры арқылы тануға болады. Осыған орай, ажалға байланысты туындаған сұрақта олар ақиқат бұлақтары болып табылады. Сондықтан да пайғамбарлар мен әулиелер ажал алдында үлкен қорқынышты күйге түседі. Олар соңғы демдерінің қалай шығатынына үнемі алаңдап жүреді. Иса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) осыған байланысты былай деген: «Ей, шәкірттерім! Алладан Өзінің құлының өлімін жеңілдетуін сұраңдар. Себебі менің ажалдан қорықаным соншалық, қорқынышым бір өлімнен басқа өлімге душар етті».
Бірнеше яһудейлер қабірге қарап бір- біріне былай дескен деседі: «Алладан осы қабірдегі бір адамды одан бір нәрселер сұрауымыз үшін тұрғызуына дұға етейік». Олар Аллаға дұға етеді. Кенет алдыларында сәждеде жатқан бір адамды көреді. Қабірден шыққан бұл адам былай деп сұрайды: «Менен сендерге не керек? Мені ажал құшқалы он жыл өтті. Алайда мен жүрегімнен өкінішті, қайғы мен мұңымды шығара алмадым!»
Мүміндердің анасы Айша (оған Алла разы болсын) былай деген: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басынан кешкен өлімнің азабын көрген соң әлдекімнің жаны тәнінен жеңіл шығады деп үміттенбеймін!».
Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп дұға еткен: «Я, Аллаһым! Өлім келген сәтте маған жәрдемдес және де оны маған жеңіл ет». Хасан Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өлімнің азабы жайлы былай дегенін жеткізеді: «Ажал алып келетін азап, қылышпен үш жүз мәрте шабылғанмен тең».
Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ажал мен оның күші жайлы сұраған кезде ол былай деп жауап берді: «Жеңіл келген ажал жүнге жабысқан ошаған секілді. Ошағанды жүннен алу үшін жүннің қандай да бір бөлігін қоса жұлып алуға тура келеді, өлім де сол секілді».
Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір науқасты зиярат етіп, былай деген: «Ол дәл қазыр не нәрсемен бетпе бет келіп тұрғанын білмеймін. Ажалдың азабынан қиналмаған бір жері де қалмады. Өлімнің азабы оны түгелдей құрсап алған». Мәртебелі Әли адамдарды шайқасқа шақырып жатып былай деген: «Егер сендер шайқаста жан тәсілім етпейтін болсаңдар да, түбінде сендерге ажал келеді. Жаным қолында болған Алламен ант етемін, ажалмен арпалысып жан тапсырғанша, мың мәрте қылышпен шабылып өлгенім жеңіл».
материал «Өлім мен қабірдің мінәжат құпиялары» кітабынан алынды,
ummet.kz