Ағаш жел ұшырып кеткен бұтағына бола қайғырмайды. Қайтадан бұтақ созып, жапырақ жаю сәтін – көктем мезгілін күтеді. Өмір де сол сияқты. Жоғалтқан нәрсеңді қайтару міндет емес.
Ол саған бастапқы кейпінен де артық боп оралады. Сен де өз-өзіңді жина да, көктеміңді күт! Жапырақ жай да, өзіңе жарасатындай боп гүлде, көгер! Сен «Алла неге сұраған нәрсемді бермейді?» деп сұрайсың. Дәрігер де біз қалаған емес, бізге қажет дәріні береді. Алла да істерді осыған ұқсас түрде реттейді. Мүмкін сен Алладан өзіңе зияны тиіп кетер бірдеңе сұрап жүрген боларсың? Егер барлық нәрсеге пайым-парасатыңмен назар салсаң, Алланың әрбір істі Өзінің иләһи кемелдігімен орындайтынына куә боласың. Досым! Мүмкін, Алла саған сұраған нәрсеңді берер. Бірақ ол нәрсенің уақыты әлі келмеген болар. Уақыт та – Алла хикметінің сен көрмейтін бір бөлігі. «Уақыты келгенде біз оған хикмет пен білім бердік» деген аятты оқышы.
Өзіңе берілген кезде нығметтердің қадіріне жете біл. Егер Алла бір дегеннен-ақ Жүсіптің жағдайын жақсартып жібергенде ол патшалыққа жете алмас па еді? Мұсаның Мәдияндағы 10 жылы зая өткен жоқ. Ол Мәдиянда Мысырға бару үшін шыңдалып жатқан еді. Кейбір кешіккен нәрсе сені шыңдап, дайындау үшін жүзеге асып жатқан болуы мүмкін. Мұсылмандар Меккеде жүргенде-ақ қылыш көтеріп, өз-өздерін зұлымдық пен залымдардан қорғағысы келген еді, бірақ соғысуға рұқсат һижретке дейін шегіне берді. Һижреттен кейін мұсылмандарға жеңісті нәсіп еткен Алла оларға Меккеде жүргенде де жеңісті нәсіп етуге құдіретті еді. Бірақ оларды тәрбиелегісі келді. Жарқыным, өткендердің тарихында ғибрат бар. Сұрағаның берілсе – рахмет, берілмесе – хикмет екенін ұмытпа. Барлық құбылыс пен жағдай өз уақытын күтеді. Гүл де уақыты келмейінше гүлдемейді. Күн де уақытынан бұрын шықпайды. Аз ғана сабыр қыл. Бұйырған зат саған сөзсіз келеді.
Адамзат баласына құрылған ең үлкен тұзақ — сабырсыздық. Себебі адам қалауына асыққан сайын, одан соншалықты алшақтай беретінін өзі де байқамайды: әлдененің тезірек жүзеге асқанын, бір жерге тезірек жете салғанды, тезірек басталып, тезірек аяқталғанын қалайды. Арманымыз да тезірек орындалуы керек сияқты.
Жетістікке бірден жетіп, бірден жасап, бірден татуласып, бірден жүздескіміз келеді. Қалаған нәрселеріміз демде қолымызда бола қалса екен дейміз. Алайда осы асығыстық – ең үлкен қателігіміз яки әлсіздігіміз екенін өзіміз түсінеміз бе?! Еңбектенбей, даму, жетілу кезеңдерінен өтпей қол жеткізген нәрсенің ғұмыры ұзаққа бармайды. Оның қадірі де, тіпті, пайдасы да болмайды әрі ол нәрсеге сенім арта да алмаймыз.
Процесс – өте маңызды құбылыс, оның қысқа жолы жоқ. Себебі кемелдену процессінің барлық қысқа жолдары не жарға, не қараңғылыққа апарып соғады. Әлемдегі ең биік тауға шығуға тырысып көрдің делік. Егер де өрге үлкен жылдамдықпен көтерілуге тырыссаң, қысым мен оттегінің әсерінен талып қалуың мүмкін. Биік шыңға демалмай көтерілу адамның өзіне жасаған қиянаты болмай ма?! Керісінше, демалып, әсте-әсте көтерілсең, биік шыңнан жұмыр жерді тамашалау мүмкіндігіне қол жеткізесің.
Айтқым келгені: қандай да бір үзіліс жасап күткенің, асықпауың сені артқа тартады деп ойлама. Керісінше, үзілістер мен күткен кезіңді мықтырақ, бақыттырақ болуың үшін жасалған алғышарттар деп біл. Әлденеге асығып жатсаң, онда, ең алдымен, үйренуге асық. Одан өзгесін кейінге қалдырма, бас тартпа. «Осы жаста маған оның керегі не?» деме. Ендеше дәл қазір алғашқы қадамыңды жаса. Кешіктірме...
материал Аслан Орақбаевтың «Сенің қамқор ағаң» кітабынан алынды,
ummet.kz