Орындаса, сауап алатын әрі мақтауға лайық болатын, ал орындамаса, күнәлі болмайтын және жазаға тартылмайтын ғұсыл «сүннет ғұсыл» деп аталады.
Алланың елшісі (с.а.с.) бұл ғұсылдар парыз болмаса да, үнемі орындап отырған. Сүннет ғұсылдар қатарына төмендегілер жатады:
1. Жұма намазына ғұсыл алу. Жұма мұсылмандар жамағатпен намаз оқу үшін жиылатын күн саналғандықтан, шариғат оған жиналған мұсылмандардың ең жақсы рухани күй мен тән тазалығында болуын қадағалап, осы күні ғұсыл құйынуға шақырған. Алла елшісі (с.а.с.): «Әрбір балиғат жасына жеткен адамға жұма күні ғұсыл құйыну, мисуак пайдалану және мүмкіндігі болса, иіссу себіну уәжіп», – деген (Әл-Бұхари). Осы хадиске сүйенген кейбір ғалымдар жұма күнінің ғұсылын сүннет емес, уәжіп деп түсінген.
2. Екі айт намазы үшін ғұсыл құйыну. Мұсылман ғұламалары бұған бірауызды ортақ пікір білдірген.
3. Қажылық не умра жасау үшін ихрам жағдайына кіретін кісінің ғұсыл құйынуы.
4. Ақыл-есінен танып қалған соң есін жиған, сондай-ақ мәйітті жуған және қан алдырған адамның ғұсыл құйынуы. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кім мәйітті жуса, ғұсыл құйынсын, ал кім оны көтеріп апарысқан болса, дәрет алсын», – деген.
5. Арафат күніне дайындалғанда, Арафат түні, Меккеге кірерде, зиярат тауабы үшін, Муздалифада тұру үшін, айт күні Минаға кіру үшін және Жамараттарға тас ату үшін ғұсыл құйыну.
материал «Құлшылық және сенім» кітабынан алынды,
ummet.kz