Ысырап тек байлардан ғана емес, кедейлерден де болуы мүмкін, өйткені ол – салыстырмалы ұғым.
Ысырап кейде мөлшерден, кейде сападан асып кету арқылы байқалады. Осыған байланысты Суфиян әс-Сәури (р.а.) былай деген: «Алланың разылығынан басқа нәрсеге жұмсағаның – ысырап». Ысырап, тіпті аз мөлшерде болса да, шектен шығуды білдіреді. Бұл туралы Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Кім бір дирхамды рұқсат етілмеген нәрсеге жұмсаса, ол ысырап болып табылады».
Ысырап – адамның кез келген ісінде немесе сөзінде шектен шығуы, дегенмен бұл әрекет көбіне шығын жасауда байқалады. Ысырап тек жамандыққа ғана емес, жақсылыққа да қатысты болуы мүмкін. Мысалы, бар мал-мүлкін садақа ретінде түгел таратып жіберу де ысырап болып саналады. Бұл жөнінде Алла Тағала Құранда былай дейді: «Егіннің өнімін жинаған күні оның хақысын беріңдер және ысырап етпеңдер. Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» («әл-Анғам» сүресі, 141-аят).
«Фурқан» сүресінде Алла Тағала: «Алла ысырапшылдықты жақсы көрмейді» («Фурқан» сүресі, 67-аят) деп бұйырады. Бұл сөздер адамға үлкен ой салады: берілген нығметті, байлық пен ризықты қадірлеу қажет. Кім ысырапқа бой алдырып, Алланың бергенінен асып түссе, ол нығметке шүкіршілік етпегенмен тең.
материал «Ысыраптың индикаторы» кітабынан алынды,
ummet.kz