Ей, Нәпсім!
Амалды кешіктіруіңе жасырын жатқан күпірлігің себеп пе? Жасырын жатқан күпірлігің Аллаға, қияметке деген иманыңның әлсіздігі. Алланың ұлықтығын сезінбеуің, Алланың саған дайындап қойған сауабының немесе азабының үлкендігін сезінбеуің.
Ей, Нәпсім! Кешіктіру себебің осы ма әлде ақымақтығың ба? Сенің ақымақтығың сол, ақырет есіңе түскенде Алланың кеңшілігіне, Алланың мейіріміне арқа сүйейсің. Ал дүние ісіне келгенде бір жұтым су мен бір үзім наннан Алланың рақымын, кеңшілігін көре алмайсың. Сен бұл әрекетіңмен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ақымақ деген адамдардың қатарына кіресің. Ақылды адам өзіне есеп беріп, өлімнен кейінгіге, яғни ақыретке қамын жасаған адам. Ал ақымақ адам көңіл қалауына, нәпсісіне ере тұра Алладан жақсылық күткен адам.
Ей, Нәпсім! Сен ақыреттен бет бұрғаныңмен ақырет саған қарай келе береді.
Ей, Нәпсім! Бұл дүние сені алдамасын. Арбаушы шайтан сені алдамасын. Ендеше, уақытыңды бос кетірме, жоғалтпа. Әрбір демің санаулы, сенің бір демің шыққанда бір клеткаң өлгендей сезін. Денсаулығыңды ауру келмей тұрып ғанимет біл, жастық шағыңды кәрілік келмей тұрып қадірле.
Ей, Нәпсім! Сен қыс мезгіліне дайындаласың ғой . Қыс үш ай екенін біле тұра бір айға ғана жететін көмір, шөп, отын дайындамайсың ғой. Үш айға жететін етіп дайындайсың. Неге енді қысқа дайындалмай-ақ: “Алланың кеңшілігіне, рахметіне арқа сүйеп, Алланың өзі аман алып шығады деп қоя салмайсың? Ақырет ісіне келген кезде Алла мейірімді ғой , кешіреді ғой ”, - деп өзіңді алдайсың. Әлде сен үшін қыстың суығы мен қыстың қаһары тозақтың суығы мен қаһарынан жеңіл болғаны ма?
Ей, Нәпсім! Олай болса, неге бұл дүниеге сонша махаббат қоясың? Бұл дүниені қаншалықты жақсы көрсең, ертең өлім келген кезде дүниеден айырылу саған соншалықты дәрежеде қиын болады.
материал «Ей, нәпсім» кітабынан алынды,
ummet.kz