Хазіреті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Аллаһым! Рахымыңан үміт етемін. Қас қағым сәтке де болса мені нәпсімнің әуесімен бірге тастама! Әр халімді түзелт! Шүбәсіз Сенен басқа Тәңір жоқ…» - (Әбу Дәуіт, Әдеп 100-101) деп Хақ Тағалаға мінәжат ететін.
Хақ Тағала достары да үнемі осы хадистің нұсқауында өмір сүріп, еш уақыт «біздің парызымыз бітті елеулі болдық» дейтіндей күмәнға түспейді. Сондықтан, сәйрү сүлуктері бітсе де осындай күмәнға берілгендер үнемі жолда қалған. Ал, «әлі пісіп, жетілген жоқпын» деп, өзінің кемшіліктерін көре білгендер әлсіздікпен мінәжат ете отырып, құлшылықтарын үздіксіз жалғастырған. Тіпті, пайғамбарлардың ұлысы Хазіреті Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзі шексіз құлдық көріністеріне қарамастан түні бойы аяқтары ісігенше намаз оқыған, оның осы жағдайын сұраған Хазіреті Айшаға: «Ей, Айша! Шүкір етуші бір құл болмайын ба?» - (Мүслим, Мүнәфиқун 79) деген.
Және сол Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пәк жұбайларының риуаяты бойынша: «Раббыңды мадақтап, Оны пәкте. Одан кешірім тіле! Өйткені, Ол – тәубелерді көп қабыл алушы» - («Наср» сүресі 3-аят) аяты түскенен кейін, бұрынғысынан да артық шүкіршілік етіп, мадақтаған. Олай болса, Хақ Тағала жолында кім қандай дәрежеге жетсе де, еш уақыт құлдық жауапкершілігінен құтылмайды және амалдарында ешқандай да азаю және жеңілдік жасай алмайды. Яғни парыздар, уәжіптер, сүннеттер, харамдар, халалдар, мүбахтар, мүстахабтар және басқа да қағидалар мен міндеттер құлдық жолындағы әрбір адамның мойнына жүктелген және өлім уақытына дейін де ешкім бұл міндеттерінен босатылмайды. Сол үшін нағыз кәміл мүршидтер: «Раббыңа мадақ айтып, зікір ет, сәжде етушілерден бол және өлгенше Раббыңа құлдық ет» - («Хижр» сүресі 98-99 аяттар) деген иләһи әмірге мойынсұнып, бар өмірін Оған арнайды.
Мұндай рухани жол көрсетушілер халыққа жасаған қызметтері үшін олардан кішкентай да нәрсе сұрамайды. Тіпті, Раббысына құлдық еткені үшін сый да күтпейді. Өйткені сый күтіп, салих амал жасағандар істегендерінің қадірі мен дәрежесін жоғалтады. Осы орайда Хазіреті Әли мен Хазіреті Фатима өздері ораза бола тұра тамақтарын ауыз ашар уақытында есіктеріне келген пақырға, екінші күні бір жетімге, үшінші күні болса бір тұтқынға беріп, үш күн сумен ауыз ашқан еді. Сонымен қатар олардың айтқан рақметтеріне: «Біз сендерден рақмет күтіп осылай істегеніміз жоқ. Жалғыз ғана ниет – мақсатымыз – Раббымыздың ризашылығы…» - деп жауап қайтарған.
материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,
ummet.kz