15
Дүйсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Адамға күнә ретінде мұсылман бауырын төмен санауы жеткілікті»

«Адамға күнә ретінде мұсылман бауырын төмен санауы жеткілікті»

Ислам тарихы

Шүбәсіз адами сана-сезімнің қателік жағынан ең ауыры – күпірлік. Одан құтылу мүмкіндігі көбінесе жұмсақ кейіп арқылы болғаны үшін Алла Тағала Мұсаны (аләйһиссәләм) Перғауынға иманды айту үшін жіберген кезінде оған «қаули ләйиін» яғни жұмсақ сөзбен жеткізуін әмір етеді.

Өйткені, һидаят жаршысының бұл жолдағы жетістігі – жоғарыда айтылғаны сияқты, табыстардың ең үлкеніне көпір болатын салих амал. Алла Тағала Перғауынның күпірлігінің басымдығынан бейхабар емес еді. Сондықтан алдымыздағы адам күпірлікте Перғауынның дәрежесінде болса да, айтып - жеткізу тәсіліміз – қырып-жою, балағаттау сияқты дөрекілік емес, жылы сөз айтудың өзі иләһи тәлім бойынша болуы керек.

Хазіреті Мәулана: «Алланың: «Ей, Мұса! Перғауынға қарсы жылы сөз айт, оған жұмсақ бол!» - деген сөзін жақсы түсін!» «Өйткені, қайнаған майға су құйсаң, ошақты да бүлдіресің, қазанды да...» Алла Тағаланың Хазіреті Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бойындағы жұмсақтық туралы барлық үмбетке айтқан мына аяты осы ақиқатты баяндайды: «Ей, Расулым! Сол кезде Алладан рахмет арқылы оларға жұмсақ қарадың! Егер сен оғаш әрі қатты жүректі болғаңда, еш шүбә жоқ, айналаңнан тарап кетер еді. Олай болса, оларды кешір. Кешірілулері үшін дұға ет» («Әли Имран» сүресі 159-аят).

Бұл тәсіл тек қана күнәһар мен кәпірлер үшін емес, бәлкім ең жоғары дәрежеде Исламды ұстанған адамдардың өзінде де адам болғаны үшін байқалатын кейбір әлсіздіктер мен кемшіліктерге қарсы да қажетті. Өйткені, кемшілікті түзетуге тырысқан кезде адамды төмендетіп, оны ренжітетіндей қатты әрі оғаш қылық көрсету, мақсатқа кереғар, бәлкім, кері нәтижелерге апарып соғуы мүмкін. Өйткені, ондай жолмен жасалған ескертулерде адамдар кейде әке-шешелерінің алдында да шыдамсыздық танытуға мәжбүр болады. Оған қарағанда басқаларға шыдамдылық танытуы өте қиын. Мұндай жағдайларда айтылған шындықтар да көңілге түрпідей тиіп, пайдасы мен тартымдылығын жоғалтады.

Бұл жайлы Хазіреті Мәулана: «Бір оғаш қылығың үшін сені айыптаған кезде әкең де сенің көз алдыңда жабайы аң сияқты жыртқыш көрінеді» - дейді. «Бұл жағдай, оның айыптауы мен жазалауынан туындаған қиналудың әсері. Яғни әкеңнің ескертуі сенің жақсылығың үшін болғанымен, айыптауы мен жазғыруы арқылы оның көңіліндегі мейірімділік пен аяушылық сезімі көрінбей қалып, әкеңді саған жануар сияқты көрсетеді». Мінеки адамдағы бұл психологияны ұмытпай, қаншалықты күнәға батса да, оның құнды жаратылыс екендігін біле отырып әрекет ету керек. Сол үшін хадис шәрифте Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Адамға күнә ретінде мұсылман бауырын төмен санауы жеткілікті» - (Мүслим, Бирр 32) деп тұжырымдайды.

материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: